Қазақстан мен Руанда көлік-логистика және сауда саласында бірлескен жұмыс топтарын құруға келісті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Руанада көлік-логистика және сауда саласында бірлескен жұмыс топтарын құруға келісті. Бұл туралы Ақордада Руанда Президенті Поль Кагамемен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Қазақстан осы аймақтағы елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше мән беріп отыр. Біз Руанданы Африкадағы сенімді серіктесіміздің бірін ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ өзара әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Бүгінгі кездесу мазмұнды әрі мағыналы болды. Біз екі жақты ынтымақтастықты күшейту жолдарын талқыладық. Нақты келісімдерге қол жеткіздік. Екі ел арасындағы саяси диалогты дамытуға уағдаластық. Алдағы уақытта Сыртқы істер министрліктері жоғары деңгейдегі кездесулер өткізетін болды, — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы биыл сәуір айында Қазақстан мен Руанда дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелерін визалық талаптардан босатуға келіскенін еске салды.
— Мұны ризашылықпен атап өткім келеді. Бүгінгі кездесуде парламентаралық дипломатия мәселесін де пысықтадық. Оның әлеуетін барынша пайдалану қажет. Сондай-ақ біз көлік-логистика және сауда саласында бірлескен жұмыс топтарын құруға келістік. Сол арқылы сауда-экономикалық қатынастарды одан ары дамытуға болады. Бұл ретте халықаралық дәліздердің мүмкіндігін талқыладық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Африка елдерімен байланысты күшейтуге баса мән береді.