Қазақстан мен Руанда арасында ІТ саласын бірлесіп дамыту меморандумы рәсімделеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Руанда арасында ІТ саласын бірлесіп дамыту меморандумы рәсімделеді. Бұл туралы Ақордада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты.

Жаслан Мәдиев
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Біріншіден, Руанда мемлекетімен ІТ саласын бірге дамыту үшін меморандумға қол қоямыз. Олар e-government платформасын дамытып жатыр. Ел электронды үкіметті дамыту бойынша әлемдік рейтингте 119-орында болса, біз 24-орындамыз. ЕGov платформамызды көрсетіп, оның қандай құралдарын экспорттауға болатынын таныстырамыз. Екіншіден, Руанда Президенті спутник құрастыру зауытына барады. Оларға жерді қашықтан зондтау спутниктерін құрастыру, байланыс мүмкіндіктерін көрсетеміз, - деді министр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Осы орайда ол өткен жылы Қазақстан тарихында ең бірінші спутник экспортына қатысты келісімшарт Моңғолиямен, ал биыл Конгомен рәсімделгенін атап өтті.

- Астана экономикалық форумы аясында тағы бір экспорттық келісімшарт жасалады. Оны артынан жария етеміз. Руанда да спутник экспорты бойынша келісімшарт жасасу мүмкіндігін қарастыруды жоспарлап отыр, - Жаслан Мәдиев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Руанда Президенті Поль Кагамені қарсы алғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар