Қазақстан мен Руанда бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге келісті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Руанда бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге келісті. Бұл туралы Ақордада Руанда Президенті Поль Кагамемен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Бүгінде Астана мен Кигалидің халықаралық қаржы орталықтары арасында тығыз байланыс бар. Біз жаһандық қаржы нарығындағы осы байланысты одан ары нығайтуға келістік. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Руанданың климатты сақтау бағытында мол тәжірибесі бар. Соның арқасында жаһандық жобаларға зор үлес қосып келеді. Осы ретте тәжірибе алмасудың өзекті екенін атап өттік, — деді Президент.
Мемлекет басшысы халықаралық конвенциялар мен келісімдер аясында экология мәселелерін шешу үшін күш біріктіру жолдары талқыланғанын да атап өтті.
— Сонымен бірге мәдениет, білім, ғылым саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аудардық. Академиялық байланысты дамытуға, студент алмасуға, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге келістік. Мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға уағдаластық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы мәртебелі мейманмен шағын және кеңейтілген құрам келісссөздер жүргізді.