Қазақстан мен Сербия статистика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

ЖЕНЕВА. KAZINFORM — Женевада өтіп жатқан Еуропалық статистиктер конференциясының 73-ші пленарлық сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросы мен Сербия Республикасының Статистика басқармасы статистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. 

Қазақстан мен Сербия статистика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Құжатта тараптардың өзара іс-қимылды нығайту және статистика саласындағы бағдарламалар мен жобаларды бірлесіп әзірлеу және іске асыру үшін тұрақты платформа құру ниеті бекітілген. Меморандум екі елдің статистикалық жүйелерін дамытуды, ақпарат және талдамалық тәсілдермен алмасуды, сондай-ақ бірлескен іс-шаралар мен жобаларды өткізуді көздейтін жалпы механизмді қарастырады.

– Сербия – деректерді жинауда инновациялық тәсілдерді белсенді түрде енгізіп жатқан елдердің бірі. Біздің меморандум статистика саласындағы кәсіби стандарттарды ілгерілетуге және деректердің ашықтығы мен сенімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Ынтымақтастық құнды тәжірибені игеруге әрі үздіктерін енгізуге мүмкіндік береді деп сенеміз, – деп атап өтті Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Меморандумға қол қою Қазақстанның статистика саласындағы халықаралық әріптестігін нығайтудағы маңызды қадам болды және ұлттық статистика жүйесін трансформациялау, сондай-ақ қазақстанның халықаралық статистикалық қоғамдастықтағы қатысуын кеңейту жөніндегі стратегиялық мақсаттарға жауап береді.

Айта кетейік, 16-18 маусымда Женевада өтіп жатқан Еуропалық статистиктер конференциясының (CES 2025) 73-ші сессиясында ресми статистиканы дамытудың негізгі бағыттары талқылануда. Цифрландыру жағдайындағы статистика органдарының рөлі, деректерге сенімділікті нығайту және жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл, көші-қон статистикасына жаңа тәсілдер, сондай-ақ сауалнама жүргізудің заманауи модельдерін дамыту тақырыптары бар. Әкімшілік және жеке деректерді пайдалануға, 2030 жылғы халық санағына дайындыққа, статистикалық бизнес-процестер моделін (GSBPM 5.2 нұсқасы) жаңартуға, сондай-ақ этика мәселелеріне және статистикалық тәжірибеде Open Source шешімдерін енгізуге ерекше назар аударылады.

Еске сала кетейік, Ұлттық статистика бюросы елімізде мамыр айында 128 мың автокөлік есепке қойылғанын жариялаған еді.

Соңғы жаңалықтар