Қазақстан мен Швейцарияның ынтымақтастығы жоспарлы даму үстінде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Берн қаласында Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшісі Жанар Айтжанова Швейцарияның Президенті Йозеф Шнайдер-Амманнға сенім грамоталарын табыс етті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
None
None

Ресми рәсімнен кейін екіжақты кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда-экономикалық, саяси және мәдени ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективаларын жан-жақты талқылады. Өз кезегінде Й. Шнайдер-Амман екі елдің арасындағы әр деңгейлерде қарым-қатынастары алға бағытталған және жоспарлы екендігін ерекше атап өтті. Тараптар халықаралық күн тәртібінің маңызды мәселелері бойынша Қазақстан мен Швейцария ұстанымдарының ұқсастығына ерекше көңіл аударды.

Ал елші Ж. Айтжанова 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдау және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін Астанада өткізу сияқты қазақстандық бастамаларға жасаған қолдауы үшін Швейцария тарапына алғысын білдірді. Сондай-ақ ол нақты бизнес жобаларды іске асыру және Швейцарияның инвестициялары мен технологияларын қазақстандық нарыққа тарту арқылы дипломатиялық уәкілдіктің экономика бағытын күшейту жоспарларын айтып шықты.

Кездесу соңында Й. Шнайдер-Амман Ж. Айтжанованы елші лауазымына ресми кірісуімен құттықтап, Швейцарияда жемісті дипломатиялық миссияны тіледі.

Соңғы жаңалықтар