Қазақстан мен Сингапур парламентаралық үнқатысуды нығайтуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 30 наурыз - 2 сәуір аралығында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Республикасында ресми сапармен болып, осы елдің басшыларымен кездесті, сондай-ақ жыл сайынғы Сингапур форумында негізгі баяндама жасады, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.

Сапар Сингапур Парламентінің төрағасы Халима Якобтың шақыруы бойынша жүзеге асқан болатын.

Сингапур Парламентінде Қазақстан Сенатының төрағасы мен Сингапур Парламентінің төрағасы екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Қ.Тоқаев әріптесін Қазақстанның қазіргі кездегі дамуы, Парламенттің қызметі, сондай-ақ елді жаңғырту жөніндегі президенттік «100 қадам» Ұлт жоспарын іске асыру туралы хабардар етті. Ол «Назарбаев университеті» мен Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебі арасындағы жемісті ынтымақтастықты, сондай-ақ екі елдің техникалық білім беру саласындағы өзара іс-қимылын атап өтті.  Парламентаралық үнқатысуды жалғастыру үшін Қ.Тоқаев әріптесін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Сингапур Парламентінің төрағасын Қазақстанның дамуы, еліміздің халықаралық маңызды мәселелер, ұлтаралық және тіл саясаты қызықтырды. Х.Якоб сондай-ақ Сингапурдың экономикалық өзгерістеріне байланысты қазіргі кездегі мемлекеттік саясатының басымдықтары туралы әңгімеледі. Бұл ретте, оның пікірінше, бүкіл қоғамды роботтар мен автоматика үстемдік құратын жаңа экономикаға дайындау міндеті тұр.

Сингапур Президенті Тони Тан Кенг Яммен кездесу барысында Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ізгі тілектестігін жеткізді және екі мемлекеттің өзара тиімді ынтымақтастығы одан әрі жалғасатынына сенім білдірді. Тони Тан Кенг Ям Қазақстан Президенті мен Сингапур басшылығы арасындағы дәстүрлі жеке байланыстар арқылы нығая түскен екі елдің дағдылы жылы шырайлы қатынастарын атап өтті. Келешегі зор ынтымақтастықтың ауқымды аясын атап өтіп, Сингапурдың даму тәжірибесіне Қазақстанның ықыласына қолдау білдірді.

Президенттік «Истана» сарайында сондай-ақ Құрметті аға министр, Сингапурдың бұрынғы Премьер-Министрі Гок Чок Тонгпен де кездесу болды. Жүздесушілер терроризм, Орталық Азияның дамуы және қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» стратегиясымен бірге жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Го Чок Тонг биыл Қазақстанға сапарлап келу ниетін  жеткізді.

Сапар барысында Қазақстан делегациясы Сингапурдағы мұнай химиясы және туризм кластерінде болды.

2 сәуір күні Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев «Азия және әлем - ортақ мүмкіндіктер, бірлесіп өркендеу» тақырыбымен өткен екінші Сингапур форумының ашылуында сөз сөйледі. Қ.Тоқаев өзінің сөзінің басында Сингапурдың негізін салушы Ли Куан Юды құрметпен еске алып, оның 1991 жылы біздің елімізге сапарлап келгенде елдің дамуына қатысты пайдалы кеңестер айтқанын еске салды.

Қ.Тоқаев өзінің баяндамасында еуразияның келешегіне қатысушылардың назарын аударып, құрылықтағы оқиғалардың дамуы туралы өз ойларын ортаға салды.

«Қазіргі кездегі әлемнің тірегі бола отырып, Еуразия бүкіл әлем үшін зардаптары алысқа кететін түбегейлі өзгерістерді бастан өткеруде». - деді Төраға. Бұл ретте ол Ресейде, Қытайда, Еуропа Одағында және Таяу Шығыста болып жатқан өзгерістерді бөліп алып, талдау жасады. Қ.Тоқаев әлемдік саясаттағы Орталық Азияның рөлі арта түскенін атап өтті. «Бұл аймақ ауқымды табиғи ресурстар мен шиеленіс орындарына, атап айтқанда, Ауғанстанға жақындығы Еуразия құрылығының негізіне айналады», - деді Төраға. «Орталық Азия елдері үшін алдыңғы қатардағы мемлекеттердің сауда-экономикалық стратегияларының түйіндесу әдістерін әзірлеу аса маңызды міндет болып табылады. Мегажобалардың өзара байланысы аймаққа жаһандық экономикалық дамудың тиімді және теңгерімді үлгісін ұсынуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ол.  

Форумға қатысушылар қауіпсіздіктің  аймақтық ұйымдары: АӨСШК, ШЫҰ және ЕҚЫҰ-ның жұмысындағы Қазақстанның қадамдары туралы жан-жақты хабардар етілді. Бұл ретте Қ.Тоқаев халықаралық істердегі Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайтудың маңызы бар екенін атап өтті. «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен халықаралық құқықтың тотығуы, әсіресе, халықаралық терроризм өршіп тұрған кезде қазіргі әлемге бүлдіргіштік түрде әсер етуі мүмкін. Қазақстан халықаралық қатынастардағы сенімді қалпына келтіру мақсатында халықаралық құқық ұстанымдарын растауға арналған жоғарғы деңгейдегі БҰҰ конференциясын шақыруды ұсынады», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Қазақстан Сенатының Төрағасы Еуразиялық Экономикалық Одақтың іске қосылуымен және қытайлық «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасының іске аса бастауымен азиялық, оның ішінде АСЕАН мемлекеттерінің кәсіпкерлері үшін Қазақстанда ашылып жатқан экономикалық мүмкіндіктерге жиналғандардың назарын аударды. Одан басқа, Қ.Тоқаев Қазақстан аумағындағы көлік-логистика инфрақұрылымын дамытудың ауқымды бағдарламасына, «ЭКСПО-2017» көрмесіне әзірлік және «Астана» халықаралық қаржы орталығының келешегіне егжей-тегжейлі тоқталды.

Сенат Төрағасы экономикалық дүрбелең жағдайында Қазақстан дағдарысқа қарсы шаралар топтамасымен және инфрақұрылымдық дамумен шектелмейтінін, заң үстемдігін, индустрияландыру мен экономикалық өркендеуді, ұлттың ынтымағын нығайтуды, сондай-ақ ашық және есеп беретін мемлекетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды институттық реформаларды іске асыратынын атап өтті. «Парламент 59 заңнан тұратын, елдегі шетелдік инвесторлардың жұмысын оңайлататын қажетті заңнамалық топтаманы қабылдады», - деді Төраға.

Қ.Тоқаевтың сөзін форумға қатысушылар зор ықыласпен қабылдап, қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берілді.  
null  

Соңғы жаңалықтар