Қазақстан мен Солтүстік Македония қарым-қатынасты дамыту жөнінде уағдаласты
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Солтүстік Македония Республикасының Президенті Гордана Силяновска-Давковамен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Дүниежүзілік климат саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковамен кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы Солтүстік Македонияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктесі ретінде атап өтіп, басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Өз кезегінде Гордана Силяновска-Давкова екіжақты байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, өзара ықпалдастықты жандандыруға мүмкіндік мол екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Солтүстік Македония Президенті Қазақстанның Орта держава ретінде халықаралық аренадағы рөліне жоғары баға берді.
Әңгімелесу барысында сауда-экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейту перспективасына, екі ел азаматтары үшін виза режимін оңтайландыру мәселесіне айрықша мән берілді. Тараптар Қазақстан мен Солтүстік Македонияның іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты дамыту жөнінде уағдаласты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Гордана Силяновска-Давкованы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммитіне қатысу үшін Бакудегі олимпиадалық стадионға барды. Сосын Мемлекет басшысы Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі. Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесу өткізді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев СOP29 cаммитінде бірқатар елдің басшыларымен әңгімелесті. Бүгін Бакуде Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері үш елдің энергетикалық жүйесін интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды.