Қазақстан мен Таиланд арасында әуе рейстерінің саны артады
Бангкок қаласында Қазақстан мен Таиландтың авиация билік органдары келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Kazinform.

Қазақстан делегациясын Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Тимур Тлегенов, Таиланд Корольдігінің делегациясын — Таиландтың азаматтық авиация басқармасы бас директорының орынбасары Сарун Бенджанират басқарды.
Тараптар әуе қатынасы жөнінде жаңа үкіметаралық келісім жасасу мүмкіндігін және екі ел арасындағы әуе тасымалына сұраныстың артуына байланысты рейс санының одан әрі ұлғаюын талқылады.
Келіссөз қорытындысы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумға сәйкес рұқсат етілген рейстердің жалпы саны — 35,4% (аптасына 402-ден 544-ке дейін), оның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Бангкок, Пухкет, Краби, Утапао қалалары арасында — аптасына 84 рейс, ал қалған шарттық бағыттарда — аптасына 10-ға дейін артады.
Қазақстан мен Таиланд арасында рейс санының артуы елдер арасындағы туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Таиланд Корольдігінің Үкіметі 25 қыркүйектен бастап 2024 жылғы 29 ақпанға дейін Қазақстан азаматтары үшін уақытша визасыз режим енгізді.
Осылайша қазақстандықтар Таиландта 30 күнге дейін визасыз жүріп-тұра алады.
Ұзақ сапарларға тиісті виза қажет.