Қазақстан мен Тәжікстан арасында сауда-саттық көлемі 7 пайыз артты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Тәжікстан арасында өткен жылы сауда-саттық көлемі 7 пайыз артып, 1,2 млрд доллар болды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты.

Қазақстан мен Тәжікстан арасында сауда-саттық көлемі 7 пайыз артты
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Тәжікстан Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Былтырғы жылы екі елдің алыс-берісі 7 пайызға артып, 1,2 млрд доллар  болды. Бұл қарқынды арттыру мақсатында таяу арада тиісті жол картасын қабылдамақпыз. Болашақта тауар айналымын, Мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес, 2 млрд доллардан асыруды жоспарлап отырмыз, - деді ол Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен өткен келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, біздің елде тәжік кәсіпкерлерінің еркін жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған және біздің елдің бизнесмендерінің де Тәжікстандағы белсенділігі жылдан жылға артып келеді. Соның арқасында екі жақта да 100-ге жуық кәсіпорындар мен екіжақты жобалар жүзеге асырылып жатыр. 

Былтыр Тәжікстанға жеткізілген бидай 24 пайызға, ал ұн 37 пайызға артты. Экспорт көлемін одан ары ұлғайтуға дайынбыз, - деп түйді сөзін ведомство басшысы.

Айта кетейік, былтыр Тәжікстанға бір миллион тоннадан астам астық экспортталды.

Соңғы жаңалықтар