Қазақстан мен Тәжікстан тауар айналымын 2 млрд долларға арттырмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төрехановтың Тәжікстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Фарходшох Рахмонализодамен кездесуі өтті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі мәлім етті.
Кездесу барысында тараптар экономика, сауда және инвестиция саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, сондай-ақ екі елдің іскерлік миссияларын ұйымдастыру, халықаралық көрмелерге белсенді қатысу және іскер топтар арасындағы тікелей байланыстарды нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.

— 2025 жылы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы 1,19 млрд АҚШ долларын құрағаны атап өтілді. Тараптар екі елдің тиісті құрылымдары мен бизнес-қоғамдастықтарының бірлескен күш-жігерімен екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты 2 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту әлеуетінің кең перспективалары бар екенін айтты, — делінген хабарламада.
Екі елдің бизнес-топтары арасындағы тұрақты диалогты қолдау мақсатында Қазақстан-Тәжікстан Іскерлік кеңесінің кезекті отырысын өткізу мәселесі қозғалды. Өз кезегінде Ф.Рахмонализода 2026 жылы Тәжікстанда жоспарланған халықаралық көрмелер мен форумдарға қатысуға шақырды.
Кездесу соңында тараптар сауда-экономикалық саладағы қазақ-тәжік байланыстарын нығайту ісінде жемісті ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт ратификацияланғанын жазған едік.