Қазақстан мен Түркия ғалымдары Бозоқ қалашығын зерттейді

АСТАНА. KAZINFORM – «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Түркия Республикасының Соргун қаласынан келген делегация өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуде Бозоқ қалашығын зерттеу аясындағы ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.

а
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Тараптар ортақ зерттеулер жүргізу, тарихи және археологиялық материалдарды зерделеу, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия ғалымдарының тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады. 

Сонымен қатар жиында Бозоқ қалашығының тарихи-мәдени құндылықтарын дәріптеу, тереңірек зерттеу және ғылыми байланысты жалғастыру жайы айтылды.

Сапар барысында делегацияға ашық аспан астындағы Ұлттық парк жобасы бойынша атқарылған жұмыстар таныстырылды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, делегация өкілдері жобаны одан әрі дамыту жоспары туралы ақпарат алды.

Бұған дейін «Бозоқ» музей-қорығын салу жұмыстары қалай жүріп жатқанын жазған едік.

Көне Бозоқ қалашығын қайта құру және археология ескерткіштерінің түпнұсқалығын сақтай отырып, ботай, сақтар, ғұндар, түркілердің тарихи кешендерін қалпына келтіруге бағытталған ауқымды жоба – «Бозоқ» ұлттық паркінің құрылысы төрт жыл бұрын басталған еді.