Қазақстан мен Түркия жүк тасымалына электронды рұқсат беру жүйесін енгізді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Түркия транзиттік жүк тасымалына арналған электронды рұқсат құжаттарын қолданысқа енгізді. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан New Silk Way халықаралық форумында Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрінің орынбасары Осман Бойраз айтты.
Оның айтуынша, Түркия халықаралық автомобиль тасымалын цифрландыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Осы бағытта Өзбекстанмен бірлесіп іске қосылған электронды рұқсат беру жүйесін басқа елдерге де кеңейтіп жатыр.
— Қазақстанмен осы саладағы ынтымақтастығымыздың нәтижесінде транзиттік тасымалға арналған электронды рұқсат құжаттары тасымалдаушыларға қолжетімді болды. Бұл құжаттарды алуды жеңілдетіп, әкімшілік рәсімдерді жылдам жүргізуге және олардың орындалуын бақылауға мүмкіндік береді, — деді Осман Бойраз.
Түркия өкілі Орта дәліз арқылы жүк тасымалдауды дамытуда цифрлық технологиялардың маңызы артып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, жүктің қай жерде екенін бақылау, тасымал кезіндегі кідірістердің кейінгі кезеңдерге әсерін анықтау және дер кезінде шешім қабылдау халықаралық сауданың сенімділігі үшін маңызды.
— Біздің мақсатымыз — жүк қозғалысы туралы ақпарат тасымалдың барлық кезеңінде қолжетімді болатын, көліктің бір түрінен екіншісіне ауысу жеңілдейтін және логистикалық үдерістерді алдын ала жоспарлауға мүмкіндік беретін жүйе құру, — деді ол.
Оның айтуынша, Орта дәліздегі цифрлық ынтымақтастықты дамыту үшін елдердің қолданыстағы ақпараттық жүйелерін ортақ стандарттар негізінде байланыстыру қажет. Бұл ретте қандай мәліметті кім және қандай өкілеттікпен бөлісетіні алдын ала келісілуі тиіс.
Түркия тарапы осы бағыттағы жұмысты нақты бір тасымал бағыты бойынша бастап, ақпарат алмасу тәртібін, деректерге қол жеткізу құқығын және жауапты мекемелердің міндеттерін бірлесіп айқындауды ұсынып отыр.
— Біздің мақсатымыз — бүкіл дәліз бойында тұрақты әрі сенімді жұмыс істейтін ортақ цифрлық қызмет қалыптастыру. Түркия бұл бағытта өңірдегі серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын, — деді Осман Бойраз.
Айта кетейік, бұған дейін Чехияның Көлік министрі «Цифрлық Жібек жолын» дамытудың үш басым бағытын атаған еді.