Чехия министрі «Цифрлық Жібек жолын» дамытудың үш басым бағытын атады

АСТАНА. KAZINFORM — Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын жеделдетіп, көлік дәліздерінің тиімділігін арттыру үшін цифрлық технологияларды кеңінен қолдану қажет. Чехияның Көлік министрі Иван Беднарик Астанада өтіп жатқан New Silk Way халықаралық форумында осы бағыттағы үш негізгі басымдық туралы айтты.

Чехия министрі «Цифрлық Жібек жолын» дамытудың үш басым бағытын атады
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Оның айтуынша, «Цифрлық Жібек жолын» дамыту үшін ең алдымен нақты нәтижеге бағытталған жобаларды жүзеге асыру қажет.

— Қазір үш басым бағытқа назар аударылу керек. Біріншіден, шекарааралық жүк тасымалының барлық кезеңін қамтитын, кейін ауқымын кеңейтуге болатын бірнеше пилоттық жобаны іске асыру қажет. Екіншіден, ортақ стандарттарға негізделген қауіпсіз әрі өзара үйлесімді деректер алмасу жүйесін қалыптастыру маңызды. Үшіншіден, мемлекеттік органдар, инфрақұрылым операторлары, тасымалдаушылар, логистикалық компаниялар, технология жеткізушілері мен қаржы институттары жұмыстың бастапқы кезеңінен-ақ бірлесіп әрекет етуі тиіс, — деді Чехия өкілі.

Оның сөзінше, жасанды интеллектіні көлік саласына жаңа технология болғаны үшін ғана енгізудің қажеті жоқ. Ол тасымалдаушылардың, кәсіпкерлердің және азаматтардың күнделікті мәселелерін шешуге көмектесуі тиіс.

Сондай-ақ Чехия өкілі жүк тасымалының барлық кезеңін қамтитын бірыңғай логистикалық жүйе құру маңызды екенін жеткізді. Мұндай жүйе тасымал тиімділігін арттырып, көлік дәліздерінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

— Чехия осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастыққа белсенді әрі сенімді серіктес ретінде қатысуға дайын, — деді Иван Беднарик.

Еске салайық, елордада Қазақстанның Көлік апталығы аясында «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумы өтіп жатыр. Аталған іс-шара — көлік-логистика саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Еуразияның көлік дәліздерінің тиімділігін арттыруға арналған негізгі халықаралық алаңдардың бірі.

Биыл форум Қазақстан мен 39 өзге мемлекеттерден келген өкілдердің басын қосты. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, көлік-логистикалық компаниялардың, салалық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының 2 000-ға жуық өкілі қатысады деп күтілуде. Қатысушылар қатарында 338 ұйымның өкілдері бар.

Бұған дейін аталған форумға қатысқан ЕАЭО өкілі ендігі міндет цифрлық Жібек жолын құру екенін айтқан еді.