ЕАЭО өкілі: Ендігі міндет — цифрлық Жібек жолын құру
АСТАНА. KAZINFORM — Еуразиялық экономикалық одақта көлік саласына жасанды интеллект пен жаңа цифрлық технологияларды енгізуге арналған шаралар әзірленіп жатыр. Олар ЕАЭО-ның 2027–2029 жылдарға арналған көлік саясатын іске асыру жөніндегі жол картасына енгізілген. Бұл туралы New Silk Way халықаралық форумында Еуразиялық экономикалық комиссияның көлік және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі Арзыбек Кожошев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір аталған құжатты әзірлеу және келісу жұмыстары аяқталуға жақын.
— Біз 2027–2029 жылдарға арналған жол картасының жобасын әзірлеуді және келісуді аяқтап жатырмыз. Оған көлік саласында цифрлық және интеллектуалды технологияларды дамытуға, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған бірқатар шара енгізілді. Бұл нақты орындалу мерзімдері мен күтілетін нәтижелері көрсетілген құжат болады, — деді Арзыбек Кожошев.
ЕЭК өкілінің айтуынша, жол картасын биыл қабылдау жоспарланып отыр. Одан кейін одаққа мүше мемлекеттер құжатта белгіленген шараларды бірлесіп жүзеге асырады.
Сондай-ақ спикер қазіргі халықаралық тасымалда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын Ұлы Жібек жолы елдер арасындағы сауда мен экономикалық байланыстың дамуына жол ашты. Ендігі міндет — осы тарихи бағыттың заманауи цифрлық үлгісін қалыптастыру.
— Екі мың жылдан астам уақыт бұрын Ұлы Жібек жолы елдер арасындағы сауда мен экономикалық байланыстың дамуына жол ашты. Бүгінде заман өзгерді, жаңа технологиялар пайда болды. Ендігі міндет — цифрлық Жібек жолын қалыптастыру. Бұрын тауар керуенмен тасымалданса, қазір жүк тасымалын ұйымдастыруда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект кеңінен қолданылып келеді. Бірақ негізгі мақсат сол күйінде қалды. Ол — жүктердің кедергісіз, уақытылы әрі тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету, — деді Арзыбек Кожошев.
Ол цифрлық логистиканы дамыту бір елдің ғана емес, барлық серіктес мемлекеттің үйлесімді жұмыс істеуіне байланысты екенін жеткізді.
— Цифрлық логистика — технологиялар жарысы емес, бұл бірлескен жұмыс. Әр мемлекет өз үлесін қосу арқылы ортақ нәтижеге қол жеткізеді. Болашақтың көлік дәліздері қазірдің өзінде қалыптасып жатыр, — деді Арзыбек Кожошев.
Еске салайық, елордада Қазақстанның Көлік апталығы аясында «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумы өтіп жатыр. Аталған іс-шара — көлік-логистика саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Еуразияның көлік дәліздерінің тиімділігін арттыруға арналған негізгі халықаралық алаңдардың бірі.
Биыл форум Қазақстан мен 39 өзге мемлекеттерден келген өкілдердің басын қосты. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, көлік-логистикалық компаниялардың, салалық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының 2 000-ға жуық өкілі қатысады деп күтілуде. Қатысушылар қатарында 338 ұйымның өкілдері бар.
Бұған дейін Қазақстан жүк тасымалын ЖИ арқылы басқаруды жоспарлап отырғаны хабарланды.