Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы инвестиция туралы құжат қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы инвестицияны өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды.

- 2024 жылғы 10 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашхабад қаласына ресми сапары барысында аталған келісімге қол қойылды. Бұл келісім Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы жаңа екіжақты құжат және екі мемлекеттің инвестициялық мүмкіндік бере отырып, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге арналған. Инвестицияны көтермелеу және қорғау туралы келісім, инвестиция тартудың маңызды көрсеткіші. Жалпы екіжақты инвестициялық келісім инвесторларға құқықтық кепілдік беріп қана қоймай, инвестициялық қызметті жүргізу үшін ашық және болжамды жағдайды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ келісім экспроприациядан қорғау, халықаралық арбитражға қол жеткізу және шетелдік инвестицияны әділ қарау сияқты маңызды мәселелерді бекітеді, - деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Мәжілістің жалпы отырысында.
Министр орынбасарының мәлімдеуінше, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынас тәуелсіздік алған сәттен бастап достық, ынтымақтастық рухында дамып келеді.
- Өткен жылы қазақстандық инвесторлардан Түрікменстанға тікелей инвестицияның жалпы ағыны 16,1 млн АҚШ доллары. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 24% жоғары. Ал 2008 жылдан бастап санасақ, біздің Түрікменстанға құйған инвестиция көлемі 113 млн АҚШ долларға жетті. Былтыр Түрікменстаннан Қазақстанға 0,4 млн АҚШ доллар көлемінде инвестиция келді. 2008 жылдан бастап есептесек, 24 млн АҚШ доллар инвестиция құйылды. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 1,3%-ға төмендеп, 555 млн АҚШ долларға жетті, - дейді ол.
Сәуірде Қазақстан Түрікменстанмен газ және көлік инфрақұрылымы салаларында ынтымақтастықты нығайтатыны туралы хабарлаған едік.
Бұл мәселе жөніне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейресми кездесуінде егжей-тегжейлі айтылды.