Қазақстан мен Вьетнам арасында банкаралық ынтымақтастық тобы құрылатын болады - Ханой отырысы

Аталмыш шара барысында тараптар 2011 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ханойға және 2012 жылғы Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангтың Астанаға сапарлары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың және екі ел арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған Іс-шаралар жоспарының жүзеге асырылу барысын талқылады. Тараптар саясат, сауда-экономикалық, кеден істері, білім, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты нығайту туралы пікір алмасты. Бұдан бөлек, әңгіме барысында екіжақты сауда айналымының өткен жылдың балама мерзімімен салыстырғанда 2,4 есеге өскендігіне назар аударылды.
«Сонымен қатар, отырыс нәтижесінде ынтымақтастықты дамыту келешегінің бағыттарын айқындайтын, банкаралық ынтымақтастық тобын құру және екі елдің келісімшарттық базасын ұлғайту мәселелерін қамтитын Хаттамаға қол қойылды. Сондай-ақ, қазақстандық делегация басшысы Вьетнам Социалистік Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Нгуен Фын Намен кездесті. Онда БҰҰ, АӨСШК және АСЕАН сынды халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттестіктердегі саяси диалогты ілгерілету маңыздылығы ерекше аталып өтті. Тараптар Орталық және Оңтүстік Шығыс Азия аймақтарындағы серіктестер ретіндегі екі ел рөлінің маңыздылығын қуаттады», - делінген баспасөз баянында.