Қазақстан мен Вьетнамды не байланыстырады

None
Фото: t.me/aqorda_resmi
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы маусым айында Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 31 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 1991 жылы 27 желтоқсанда Вьетнам Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады, ал 1992 жылы 29 маусымда екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.

1994 жылы маусымда Вьетнам премьер-министрі Во Ван Киет Қазақстанға алғашқы ресми сапарын жасады.

2011 жылы қазан айының соңы мен қараша айының басында сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнамға ресми сапары өтті. Бір жылдан кейін Вьетнам басшысы Чыонг Тан Шанг Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Өткен жылы Вьетнамның вице-президенті Во Тхи Ань Суан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) алтыншы саммитіне қатысу үшін Қазақстан астанасына келді. Бұл сапарда оның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен және ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловпен екіжақты кездесулері өтті.

Сондай-ақ, қос ел парламентаралық, партияаралық ынтымақтастықты, жоғары деңгейдегі және сыртқы істер министрліктері деңгейіндегі байланыстарды қолдап отырады.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

Биылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 532,9 млн АҚШ долларына жетті. Бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,8 есеге көп. Қазақстаннан экспорт 96,4 млн АҚШ долларын, импорт – 436,5 млн АҚШ долларын құраған.

Қазақстаннан Вьетнамға негізінен өңделмеген мырыш, өңделмеген қорғасын, темекі өнімдері, мал ішектері, брезенттер, шатырлар, желкендер, пульттер, панельдер, электр аппаратурасына арналған үстелдер, бұрандалар, болттар, қара металдардан жасалған шегендер экспортталады.

Ал Вьетнамнан Қазақстанға – телефон аппараттары, теледидарлар, мониторлар мен проекторлар, шаңсорғыштар, есептеу машиналары, баспа жабдықтары, шиналар, электронды интегралды схемалар әкелінеді.

Өткен жылы екі елдің өкілдері сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы кездесулер өткізді, сондай-ақ Қазақстан кәсіпкерлерінің Вьетнамға алғашқы сауда-экономикалық миссиясы өткен.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық

2012 жылы Қазақстанда Вьетнамның мәдени күндері өтті, келесі жылы Вьетнамда Қазақстанның мәдени күндері өткен.

2013 жылдан бастап Ханой педагогикалық университетінде Абай атындағы ғылым және мәдениет орталығы жұмыс істейді. 2014 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Вьетнам мәдениет және білім орталығының ашылу салтанаты өтті.

Соңғы үш жылда Абайдың «Қара сөздер» кітабы вьетнам тілінде ұсынылды, VTV-1 мемлекеттік телеарнасында және Ханойдағы ұлттық кино орталығында «Алмас қылыш. Қазақ хандығы» вьетнам тілінде көрсетілген. Дананг қаласында Қазақ киносы күндері өтіп, «Қазақ ертегілерінің» үш томы жарық көрген, Ілияс Есенберлиннің вьетнам тіліндегі «Көшпенділер» тарихи трилогиясы таныстырылған.

Қазіргі уақытта үш қазақстандық студент Вьетнамның жоғары оқу орындарында білім алуда және Вьетнамнан – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 5 студент келген. Астанадағы Назарбаев университетінде төрт вьетнамдық оқытушы жұмыс істейді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамда ресми сапармен жүр.

Бүгін Президент Вьетнам басшысымен келіссөздер жүргізді, және оны елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Осы жолғы сапар аясында Қазақстан мен Вьетнам арасында 12 құжатқа қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар