Қазақстан мен Венгрияның ынтымақтастық байланысы сөз болды

АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Серік Темірболатов, Светлана Ферхо және Дауылбай Құсайыновтар Венгрия Республикасынан келген делегацияны қабылдады, деп хабарлайды Мәжілістің Баспасөз қызметі.
None
None

Мәжіліс депутаты, «Венгрия-Қазақстан» ынтымақтастығы тобының жетекшісі С.Темірболатов меймандарға мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымы, Парламенттің құрылымы туралы айтып өтті. Ол қос мемлекет арасында достық байланыс орнатылғанын, соның нәтижесінде сауда-экономикалық қарым-қатынас өріс алып келе жатқанын жеткізді. Аграрлық саламен айналысатын екі ел үшін де ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі өте маңызды болмақ.

Венгрия Республикасы Ауыл шаруашылығы және аймақтарды дамыту министрі, «Венгрия-Қазақстан» ынтымақтастығы тобының жетекшісі Др. Шандор Фазекаш мырза өз кезегінде тәжірибелерімен бөлісті.

Тараптар сұхбат барысында мәдени-гуманитарлық сала бойынша байланыс жасау жайын да сөз етті. Сондай-ақ Еуропа төріне барып қоныс тепкен қыпшақтар жайлы, олардың салт-дәстүрі жөнінде де әңгіме өрбіді. Мейман парламентшілерді өз еліне, оның ішінде қыпшақтардың ұрпағы тұратын аудандарды келіп көруге шақырды. Мәжіліс депутаттары бұл шақыруға ризашылықтарын білдірді.

Кездесуде парламентаралық байланысты жан-жақты дамыту, заң шығару ісінде тәжірибе алмасу жайы сөз болды.

Осы кездесуге Венгрия Республикасы Ауыл шаруашылығы және аймақтарды дамыту министрінің орынбасары - Венгрия Республикасының Мемлекеттік хатшысы Имре Фаркаш, сондай-ақ Венгрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Имре Ласлоцки қатысты.

Соңғы жаңалықтар