Қазақстан мен ЮНЕСКО құрған тұңғыш Гляциология орталығы жылдың соңында іске қосылады

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанның ЮНЕСКО аясында құрған тұңғыш Гляциология орталығы ағымдағы жылдың соңында толық іске қосылатын болады.
None
None

Бүгін Астанада өткен Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы аясында журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Білім және ғылым министрлігі География институтының директоры Медей Ақметқал осылай айтты.

Оның хабарлауынша, бүгінде География институты құрамында гляциология ғылыми-зерттеу кешені бар. Оның негізінде Қазақстанның ЮНЕСКО аясындағы тұңғыш Гляциология орталығы жұмыс істейтін болады. Алдағы уақытта осы орталықты материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету жұмыстары атқарылады. Жоспар бойынша Қазақстанның ЮНЕСКО аясында құрған тұңғыш Гляциология орталығы ағымдағы жылдың соңында толық іске қосылатын болады. «Осы орталық үшін Азияның талай мемлекеттері күресті. Бірақ біздің ғалымдар тыңғылықты жұмыс істеп, Қазақстанның мүддесін қорғай білді. Біздің жерімізде қысы-жазы жұмыс істейтін арнайы стационар бар. Оның да әсері болды деп ойлаймын», - деп атап көрсетті М.Ақметқал.

Айта кетейік, бүгін Астанада Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы аясында  ҚР Үкіметі мен ЮНЕСКО арасында Қазақстанда Орталық Азия  аймақтық гляциология орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Аталған құжатты ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов пен ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова рәсімдеді.

Соңғы жаңалықтар