Қазақстан металл концентратының экспортына неге тыйым салмай отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатта Қазақстан неге металды шикідей сатудан бас тартпай отырғанын түсіндірді.

— Қазақстан жыл сайын 10 млн тонна темір концентратын, 2 млн тоннаға жуық мыс концентратын, 200 мың марганец концентратын, 400 мың тонна мырыш концентратын, 300 мың тонна хром концентратын, 40 мың тонна қорғасын концентратын экспорттайды. Жалпы концентрат пен кенді экспорттауға неге шектеу қоймай отырсыздар, — деп сұрады журналист.
Комитеті басшысы темір концентратының экспорты болашақта азаяды деген есеп айтты.
— Сіз айтып отырғандай 10 млн тоннаға жуық темір концентрациясын сыртқа шығаратынымыз рас. Теміртаудағы Qarmet кәсіпорны отандық шикізатпен жұмыс істейді. Бірақ оның бәрін толықтай өңдемейді ғой. Артық қалғанын экспорттайды. Бірақ бізде Қостанай облысында Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты бар. Соның базасында ыстықтай темір өңдеу жобасын іске асыру жоспарланған. Оның іске асыру газ тарту жобасына байланысты болып отыр. Газ кірген кезде іске асыру мүмкін болады. Жобаның мерзімі 2029 жылға деп белгіленген, — деді ол.
Оның пайымдауынша, металл шикізатының экспортын тоқтатса, моноқалаларға зияны тиюі мүмкін.
— Экспортқа тыйым салу үшін өзімізге өңдеу керек қой. Жаңағы айтқан жоба сол өңдеуді жолға қоюға арналып отыр. Ал сыртқа экспортталып жатқан 1,5 млн тонна мыс концентратын өзімізде өңдеу үшін қазір Қытай компаниясымен бірге Абай облысында мыс балқыту жобасының құжаттамасын әзірлеп жатырмыз. Біз заң аясында шикізат экспортына лицензиялау тетігін енгізу арқылы, яғни, лицензия арқылы бақылай отырып шикізат экспортын біртіндеп-біртіндеп азайтамыз. Заң күшіне енген. Яғни, ондай саясат бар, Үкімет қолдап отыр. Іске асады. Ал экспортқа толықтай тыйым салу әлеуметтік шиеленістерге әкелуі мүмкін. Өйткені көбінің өндірісі моноқалаларда орналасқан. Яғни, жұмыс орындарын сақтап қалу мәселесі бар, — деді комитет басшысы.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» компаниясы полиэтилен өндірісіне 11 млрд теңге инвестиция тартатынын айтылды.
Еске салсақ, «Қазақмысқа» сирек металдар концентратын заңсыз экспорттап отыр деген айып тағылған.