Қазақстан мүддесін ескере отырып, Қытаймен қарым-қатынасты нығайту керек – Мәулен Әшімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Жалпы алғанда, Қытай қазір әлемдегі екінші экономика саналады. Бүгінгі біздің экономика мен Қытай экономикасының ауқымын салыстыру өте қиын. Қытай өте қарқынды дамып келе жатқан экономикалық әлеуеті зор мемлекет. Экономика саласында бірлескен жобалар баршылық, яғни көлік әрі коммуникация саласында жобаларымыз ескерілген. Біз жаңа көлік бағытын, яғни Транскаспий бағдарын дамыту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол Қытаймен өзара тиімді қарым-қатынасты сақтап, оны одан әрі нығайту саясатын жүзеге асыру маңызды екенін айтты.

«Әрине, бірінші кезекте біздің ұлттық мүддемізді ескеру керек. Елдердің мүддесін ескере отырып, елдеріміздің егемендігі мен тәуелсіздігін құрметтей отырып, біз Қытаймен осындай кешенді қарым-қатынасты дамытамыз. Екі ел арасындағы шекарады тұрақтылық болғанын қалаймыз. Сондықтан Мемлекет басшысының сапары барысында барлық мәселе талқыланады. Қазақстан Президентінің бұл сапары екі ел арасындағы өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға септігін тигізері сөзсіз», - деді Сенат төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 17 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды.


Соңғы жаңалықтар