Қазақстан мұнай-газ саласында метан шығарындыларын азайту шараларын күшейтуге ниетті

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Энергетика министрлігі мұнай-газ секторындағы метан шығарындыларын азайту мәселелеріне арналған халықаралық семинарға қатысты. Іс-шара барысында ведомство өкілдері еліміздегі ұлттық тәжірибемен және іске асырылып жатқан негізгі бастамалармен бөлісті.

Қазақстан мұнай-газ саласында метан шығарындыларын азайту шараларын күшейтуге ниетті
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Метан шығарындыларын азайту — климаттың өзгеруімен қысқа мерзімді күресте ең тиімді құралдардың бірі саналады. Метан шығарындылары өндірістік тізбектің барлық кезеңдерінде — өндіруден бастап қайта өңдеу, тасымалдау және сақтау процесінде орын алады.

Мұнай-газ секторы дамыған ел ретінде Қазақстан жаһандық климаттық мақсаттарға берік бейілділігін көрсетуде. 2023 жылы еліміз Жаһандық метан бастамасына (Global Methane Pledge) қосылып, 2030 жылға дейін метан шығарындыларын 30%-ға дейін азайтуға ниетті екенін растады.

Қазақстан мұнай-газ саласында метан шығарындыларын азайту шараларын күшейтуге ниетті
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

— Энергетика министрлігі халықаралық әріптестермен бірлесіп, нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу және жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Метан шығарындыларын есепке алу, мониторинг жүргізу және бақылау бойынша міндетті талаптар енгізілді. Ірі мұнай-газ компаниялары ағып кетулерді анықтау және жою бойынша заманауи технологияларды енгізуде: оптикалық газ анализаторлары, ұшқышсыз ұшу аппараттары, спутниктік мониторинг жүйелері. Сондай-ақ жабдықтар жаңартылып жатыр — жаңа компрессорлар мен бу тұзақтау жүйелері орнатылмақ, — делінген хабарламада. 

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) ынтымақтастық аясында 2025–2026 жылдарға арналған Іс-шаралар жоспары әзірленіп, метан шығарындыларын азайтуға бағытталған қадамдар мен бірлескен жобалар қамтылған.

— Факелді газ жағу көлемін азайтуда елеулі ілгерілеушілікке қол жеткізілді. Егер 2006 жылы 3,1 млрд м³ газ жағылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш тек 0,3 млрд м³ құрады. Бұл мұнай өндіру көлемінің 59 млрд м³-ке дейін өскеніне қарамастан, 90%-дан астам қысқартуға қол жеткізілгенін көрсетеді. Бұған «Жерасты қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңында бекітілген факелді жағуға тыйым және газ өңдеу қуаттарының белсенді құрылысы себеп болды, — деп жазды ведомстводан.

Қазақстанның ұлттық компаниялары халықаралық бастамаларға белсенді қатысады. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» мен «QazaqGaz» OGMP 2.0 — мұнай-газ саласындағы метан шығарындыларын азайту жөніндегі серіктестікке қосылды. Бұл алаңға қатысу арқылы компаниялар ашықтықты арттырып, есептілік жүйесін жетілдіріп, ағып кетуді жоюға арналған технологиялық шешімдерді енгізе алады.

Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» норвегиялық Carbon Limits компаниясымен бірге өз өндірістік активтерінде LDAR (метанның ағып кетуін анықтау және жою) жүйесін енгізу бойынша ауқымды жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. 

Қазақстан мұнай-газ саласында метан шығарындыларын азайту шараларын күшейтуге ниетті
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

«QazaqGaz» да шығарындыларды азайту бойынша жүйелі тәсілді ұстанып отыр: тұрақты мониторинг, диагностика, деректерді жинау және өңдеу. 2025 жылы компания Carbon Limits компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, MIST арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуін пайдалана отырып, шығарындыларды түгендеу бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлаған. 

Сонымен қатар, «Карачаганак Петролеум Оперейтинг» (КПО) компаниясы 2025 жылға дейін OGMP «алтын стандартына» қол жеткізуге ұмтылып, барлық шығарындылар көздері бойынша заманауи мониторинг жүйесі мен деректер базасын енгізіп жатыр. 

— Метан шығарындыларын азайту — бұл тек климаттық жауапкершілік мәселесі ғана емес, сонымен бірге саланы тиімді және технологиялық басқарудың элементі. Қазақстан жаһандық шешімдердің бір бөлшегі болуға ұмтылады және халықаралық ынтымақтастықты нығайта отырып, озық тәжірибелерді енгізіп, мұнай-газ секторының орнықты дамуын қамтамасыз етеді, деді ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс.

Қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, Қазақстан әлі де бірқатар қиындықтарға тап болуда: технологиялық, инвестициялық және ұйымдастырушылық сипаттағы. Осыған байланысты инновациялық технологияларды енгізіп жатқан компанияларға «жасыл» қаржы мен гранттарға қол жеткізу маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ елдер мен сала сарапшылары арасында білім және озық тәжірибелермен тұрақты алмасу қажет.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі тек бірлескен күш-жігер арқылы метан шығарындыларын азайту бойынша биік мақсаттарға қол жеткізуге және анағұрлым таза әрі қауіпсіз энергетикалық болашақты құруға болатынына сенімді.

Айта кетейік, Энергетика министрлігі газ жобаларын жеделдетуді көздеп отыр. 

 

Соңғы жаңалықтар