Қазақстан мұнай-химия саласындағы бірқатар жобаны қарастыруда

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мұнай-химия саласында құны 14 млрд доллар болатын бірқатар жобаны қарастырып жатыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

экономика
Коллаж: Kazinform/ Canva

«Халықаралық мұнай компаниялары елдің дамуында басты рөл атқарды. Олардың Қазақстанда болуы инвестициялық тартымдылықтың белгісі саналады. Шетелдік инвесторлар инвестицияны капитал, озық технологиялар және жоғары білікті жұмыс күші түрінде ұсынады. Инвестиция біздің энергетика саламыздың өсуіне ықпал етті. Соңғы 30 жылда мұнай өндіру үш есе өсті. Бұл жетістік Қазақстанға мұнай өндірудің өсу қарқыны жоғары елдердің бестігіне кіруге мүмкіндік берді. Болашаққа көз жүгіртсек, біз жылына 100 миллион тонна шекті еңсеруге тырысамыз», — деді Президент.

Мемлекет басшысы газ өнеркәсібінің дамуы қызығушылық тудыратындығын баса айтты.

«Біз жаңа газ кен орындарын іздеуді бастау арқылы Chevron компаниясымен бірлескен қызметімізді кеңейттік. Ақтөбе облысындағы Жалибек кен орнын барлау туралы келісімге қол қойылды. Бұл — біздің екіжақты ынтымақтастығымыздағы маңызды қадам. Мұнай-химия өнеркәсібін дамыту Қазақстан экономикасын сауықтыру үшін де шешуші мәнге ие. 2022 жылы біз қуаттылығы жылына 500 000 тонна болатын Орталық Азиядағы ең ірі полипропилен зауытын іске қостық. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорын ішкі сұраныстың 60 пайызын қанағаттандырады және өз өнімдерін Еуропаға, Түркия мен Қытайға экспорттайды. Осы жылдың қыркүйегінде біз жылына 102 миллион тонна полиэтилен шығаратын зауыт салуды бастадық. Қазіргі уақытта 14 миллиард долларлық мұнай-химия саласындағы бірқатар жоба қарастырылып жатыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қазақстан техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыруға дайын инвесторларды іздейтіндігін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар