Қазақстан мұнай өндіруді қысқартады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай өндіруді қысқарту бойынша ОПЕК мүшесі емес елдердің келісімі жөнінде түсінік берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Төмендеу Қазақстан үшін символдық десек те болады. Қазақстанның қарашадағы тәуліктік мұнай өндіру көлемі 1,7 млн. тоннаны құрағандығын ескерер болсақ, 20 мың тонна - бұл іс жүзінде символдық төмендеу. Қарашада біздің еліміз рекордтық мұнай өндірді. Бұл осы жылы Қаршығанақ пен Теңіз кен орнындарының  күрделі жөндеуден өтуіне, бұған қоса, Қашағанның қатарға қосылуына байланысты жайт»,-  деді министр.  

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта Қашағанның тәуліктік мұнай өндіру деңгейі 120 мың баррельге жетіп отыр.

«ОПЕК елдеріндегі және ОПЕК-ке кірмейтін елдердегі әріптестеріміз Қашағанның мәнін нақты түсінеді. Сондықтан да Қазақстанның ОПЕК-тің басқа да елдермен бірге нарықтағы мұнайды шектеуді қолдайтындығын білдіру маңызды болды», - деді ол.

Министр өз сөзінде әлемдік мұнай өндіру көлемін төмендету қажеттігі неден туындап отырғандығын да түсіндіріп берді. «Мұнай тұтынушы елдерде мұнай мен мұнай өнімдерінің мол қоры жинақталып қалды. Мұнай өндіруші-экспорттаушы елдер келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында қоймаларда жиналып қалған осы қорды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретін шешім қабылдап отыр. Міне сол кезде нарық сәйкестеніп, өндіру мен тұтыну теңгерімі өзгеріске ұшырайды. Ал бұл нарықтық бағаға әсер етуі тиіс. Жалпы, Қазақстанның қатысуы өте маңызды болды. Өйткені, барлығы да бізді мұндай жасай алмайды және жасамайды да деп ойлады. Бірақ, біз өңірлік мұнай державасы болуды қойып, әлемде барынша лайықты рөлге ие екендігімізді көрсеттік. Кездесуде болған ОПЕК-ке кірмейтін 11 елдің ішінде біз мұнай өндіру деңгейі бойынша Мексикадан кейінгі екінші орындамыз», - деді Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, Ақтөбе мен Қызылорда облыстарындағы кен орындарынан мұнай өндіру көлемінің төмендегендігі байқалады.

«Бұған қоса, Батыс Қазақстан облысындағы екі кен орнында жыл басында өндіру келемі артуы тиіс еді. Бірақ, өндіру көлемін арттыру екінші жартыжылдыққа шегеріледі. Міне осы баланс, желідегі ойынды желтоқсанның екінші онкүндігінде толықтай әзірлейміз және әрбір мұнай өндіруші компанияға жеткіземіз. Ал Қарашығанақ, Қашаған немесе ТШО сынды жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларда қандай да бір шектеу болмайды», - деді ол.

Сонымен қатар ол ОПЕК елдерінің уағдаластығына байланысты мұнай өндіру көлемін өндіру қаңтар айынан бастап қолға алынатындығын атап өтті.

«Қаңтар айында мұнай баррелі 60 доллардан астатын болса, біздің бюджетімізге де, Ұлттық қорымызға да әжептәуір салық түсетін болады. Өйткені, қазіргі таңда бюджетте мұнай бағасы 35 доллар болып белгіленген», - деді Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар
telegram