Қазақстан мұнайының алғашқы тамшысы «Қарашүңгіл» кен орнынан алынған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін – мұнай-газ кешені қызметкерлері күні. Биыл қазақ жерінен мұнай өндірілгеніне 125 жыл толды. Қазақстан мұнайының алғашқы тамшысы «Қарашүңгіл» кен орнынан алынған.

«Қарашүңгіл» – Атырау облысының Жылыой ауданында орналасқан кен орны. Тарихи дерекке жүгінсек, 1899 жылы Жылыой ауданының аумағында орналасқан Қарашүңгілдегі №7 ұңғының 42 метр тереңдіктен мұнай бұрқағы атқылаған. Өте тайыздан тәулігіне 22-25 тонна құрайтын «қара алтын» алынған. Сол жерден торсыққа құйылып, түйеге артылған 100 тонна мұнай Каспий теңізінің жағалауында күтіп тұрған тасымалдаушы кемеге тиелген.

Еліміздегі кен орындарында қанша мұнай бар?
Қазір еліміздің әр өңірінде мұнай өндіріп жатқан 289 кен орны бар. Бұл кен орындарынан алынатын мұнайдың қоры 4,38 млрд тоннаға бағаланып отыр. Мұнай қорының басым бөлігі батыс өңірлердегі кен орындарының қойнауында жатыр.
Әлемдік нарықта баррельмен бағаланған құны сан құбылатын «қара алтынның» басым бөлігі Атырау облысының аумағындағы кен орындарынан өндіріліп келеді. Қазір бұл өңірдегі «Теңіз», «Қашаған» секілді ірі кен орындары шетел инвесторларымен бірге игеріліп жатыр. Атырау облысындағы осындай және өзге де кен орындарынан өндірілетін 3,2 млрд тонна «қара алтын» қоры бар. Бұл – елімізде өндірілуге тиіс мұнай қорының 73 пайызы.
Бұдан кейінгі көмірсутекті шикізаттың мол қоры мұнайлы түбек атанған Маңғыстау облысындағы кен орындарында барланған. Мұндағы мұнайдың қоры – 0,56 млрд тонна. Ақтөбе облысында 0,36 млрд, Қызылорда өңірінде 0,12 млрд тонна «қара алтын» бар деп есептеледі. Батыс Қазақстан облысының кен орындарынан алынатын «қара алтынның» қоры – 0,09 млрд тонна. Еліміздің өзге өңірлеріндегі табиғи байлықтың үлесі – 0,05 млрд тонна.
«ҚазМұнайГаз» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 6 айда мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 1,1 пайызға артып, 11 млн 989 мың тоннаға жетті. Алайда «Теңіз» кен орнында мұнай өндіру 3,7 пайызға азайып, 2 млн 872 мың тоннамен шектелген. Бұл – тәулігіне 126 мың баррель. Аталған кеніште ілеспе газ өндіру көлемі 4,2 пайызға төмендеп, 1 млрд 587 млн текше метр болды. Кен орнындағы көрсеткіштердің төмендеуі осы жылдың мамыр айында шикі газ айдау нысандарындағы күрделі жөндеу жүргізуге байланысты болды.
2030 жылға қарай жылына 6,7 млрд текше метр газ өндіріледі
Елімізде мұнаймен бірге өндірілетін ілеспе газдың қоры да мол. Газдың 85 пайыздан астамы батыс өңірдегі үш кен орнында өндіріледі. Кен орнының екеуі Атырау, біреуі Батыс Қазақстан облысында орналасқан.
Энергетика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға сәйкес «QazaqGaz» ҰК АҚ-мен бірге 2030 жылға дейін газдың болжамды балансы қалыптастырылған. Газ өндірудің 85 пайыздан астамын «Теңіз» (27%), «Қарашығанақ» (38%) және «Қашаған» (20%) жобалары қамтамасыз етеді. Мәселен, былтыр газ өндірісі 59,063 млрд текше метр болды. Оның ішінде «Теңіз» кен орнынан 16,009 млрд текше метр, «Қарашығанақтан» – 22,385 млрд текше метр, «Қашағаннан» – 11,856 млрд текше метр, басқа кен орындарынан 8,813 млрд текше метр газ өндірілген.
Биыл кен орнындарынан газ өндіру көлемін 60,456 млрд текше метрге өсіру жоспарланған. Жыл соңына дейінгі тауарлы газ өндіру жоспары – 28,054 млрд текше метр. Газдың болжамды балансына сәйкес ағымдағы ішкі тұтыну 20,9 млрд текше метр болады.
Отандық кен орындарындағы табиғи газ өндіру көлемі 2030 жылға қарай күрт артуы мүмкін. Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы газ стратегиясын әзірлеп жатыр. Жаңа стратегияда «Теңіз», «Қарашығанақ» және «Қашаған» кен орындарын игеруді есепке алмағанда, 2030 жылға қарай табиғи газ өндірісін жылына 6,7 млрд текше метрге дейін арттыру қарастырылған.
«Былтыр жаңадан үш кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Бұл – Оңтүстік Ақсай, Шығыс Өріктау, Рожков кен орындары. «ҚазМұнайГаз» компаниясы алдағы 3-4 жылда Орталық Өріктау кен орнында өндіру жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз – жылына шамамен 1 млрд текше метр газ. Ал 2027 жылы Батыс Прорва және Қаламқас кен орындары пайдалануға беріледі. Болжамға сәйкес газ өндіру көлемі жылына 1,1 млрд текше метрге дейін жетеді. Халықаралық компаниялармен бірге перспективалы 12 геологиялық барлау жобасы, сондай-ақ қолданыстағы кен орындарын жете барлау жұмыстары пысықталып жатыр», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Мәселен, Оңтүстік Ақсай кен орнында игеруге болатын газ қоры 1,7 млрд текше метр болды. Мұнда жылына 100 млн текше метр газ өндіріледі. Былтырғы сәуірден бері бұл кен орнында өнеркәсіптік газ өндіру жүзеге асырылып жатыр. Сәуір-желтоқсан айларында 36,512 млн текше метр, биылғы қаңтар-мамыр аралығында 33,674 млн текше метр газ өндірілген.
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Шығыс Өріктау кен орны 2015 жылы ашылған. Мұнда өндірілетін мұнай қоры – 4,7 млн тонна. Ал мұнайда еріген газ қоры – 2,5 млрд текше метр. Биыл аталған кен орнынан 46 млн текше метр газ өндіру көзделген. Алайда, мамандар бұл кен орнындағы шикізаттың құрамында күкіртсутектің көп мөлшерде екенін алға тартып отыр. Бұл шамамен 3,5 пайыз және одан да көп. Соған байланысты аталған кеніш көмірсутектерді өндіру бойынша күрделі жобалардың санатына кіреді.
Тағы бір газ қоры мол кен орнына Рожков атауы берілген. Ондағы игерілетін болжамды газ қоры – 26,9 млрд текше метр. Кен орнынан жылына 1 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. Биыл 346 млн текше метр газ өндірілмек. Сондай-ақ, Анабай кен орнынан былтыр 6,847 млн текше метр газ алынған. Жыл соңына дейін 28,5 млн текше метр көгілдір отын өндіру көзделіп отыр.

Қазақстан мұнай экспорттайтын бағыттар
«Қара алтын» өндірісінің бір буыны – құбырмен тасымалдау. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қазақ мұнайы Атырау – Самара бағытымен ғана тасымалданған еді. Қазір өндірілген «қара алтынды» тұтынушыға жеткізетін бірнеше бағыт бар. Соның бірі – «Теңіз» кен орнының көмірсутекті шикізатын Қара теңіз жағалауына дейін тасымалдайтын «Теңіз-Новороссийск» құбыры. Оған жетекшілік етіп отырған «Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директоры Николай Горбанның мәліметінше, былтыр Қазақстанның аумағынан 56 млн 51 мың 967 тонна мұнай тасымалданған.
«Аталған құбыр желісімен мұнайдың ең үлкен көлемі Қазақстан аумағынан жеткізілді. Мәселен, Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнынан 27 млн 463 мың 81 тонна, «Қашаған» кен орнынан 17 млн 897 мың 972 тонна мұнай тасымалданды. Ал, Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Қарашығанақтан» тасымалданған мұнай көлемі – 9 млн 619 мың 452 тонна», - дейді Николай Горбань.
Оның мәліметінше, «Теңіз-Новороссийск» мұнай құбырымен 2001 жылдан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін әлемдік нарыққа 888 млн 76 мың 899 тонна мұнай экспортталған. Енді аталған құбырмен Қазақстанның кен орындарынан жылына 72,5 млн тонна мұнай тасымалдау мүмкіндігі қарастырылып отыр. Ресей аумағы арқылы өтетін құбырмен жылына 83 млн тонна қазақстандық көмірсутекті шикізатты тасымалдауға дайындық жасалған. Консорциумның құбырымен биылғы қаңтар-шілде аралығында «Теңіз» кен орнынан шамамен 16 млн тонна мұнай тасымалданған. Көмірсутекті шикізат танкерлерге тиеліп, тұтынушыға жөнелтілген.
Ал, 1997 жылы құрылған «ҚазТрансОйл» АҚ-ның құбырмен тасымалдаған «қара алтыны» 1 млрд 128 млн тонна болып отыр. Бұл – 27 жылдағы көрсеткіш. Осы кезеңде компания жүк айналымының жалпы көлемі 825 млрд тоннадан астам шақырымды құрады. Ел аумағында 2 347 шақырым учаскелер мен магистралдық мұнай құбырлары салынып, кейбір бөлігі ауыстырылған. осы жылдары компания төлеген салық 500 млрд теңгеден асқан.
Қазір «ҚазТрансОйл» АҚ ұзындығы 5,4 мың шақырым магистралдық мұнай құбырының әртараптандырылған желісіне иелік етеді. Компания шикізатты қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына және экспортқа 5 бағыт бойынша тасымалдайды. Бұл – Атырау – Самара, Қазақстан – Қытай, Ақтау порты арқылы танкерлерге мұнай құю, «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ жүйесіне ауыстырып тиеу және теміржол цистерналарына құю.
«Кейінгі 27 жылда магистралдық мұнай құбырының ұлттық операторы елімізде өндірілген өнімнің шамамен 40, отандық мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілетін шикізаттың 90 пайызын тасымалдады. Құрылған күннен бері құбыр жүйелері арқылы шикізат тасымалдау көлемі екі есе өсті. 1997 жылы шамамен 23 млн тонна мұнай тасымалдаған болса, қазір бұл көрсеткіш 44 млн тоннадан асып түсті. Биылғы 6 айда «қара алтын» тасымалдау мен мұнай өнімдерін ауыстырып тиеудің шоғырландырылған көлемі 23 млн 218 мың тонна болды. Бұл – былтырғы көрсеткіштен 1 млн 86 мың тоннаға немесе 5 пайызға көп», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Кейінгі жылдары қазақ мұнайын тасымалдайтын балама бағыттар таңдалып отыр. Соның бірі – «Дружба» құбырымен Германиядағы «Шведт» мұнай өңдеу зауытына мұнай экспорттау жобасы. Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, бұрнағы жылы Германия үкіметі Қазақстанға «РСК Raffinerie» мұнай өңдеу зауытына «Дружба» мұнай құбырымен қазақстандық мұнайды жеткізу туралы өтінішпен жүгінген.
«Осыған байланысты қазақстандық, германдық және ресейлік тараптар арасындағы «Транснефть» жүйесі арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау жөніндегі уағдаластық жасалды. Тараптар уағдаластықтың шеңберінде Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жылына 102 млн тоннаға дейін мұнай экспорттауды ұйғарды. Былтыр ақпанда Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына қазақстандық мұнайды жеткізу басталды. Жыл аяғында Германия бағытына 993 мың тонна мұнай тасымалданды. Биыл аталған бағытпен жылына 1,2 млн тонна мұнай тасымалдау үшін «ҚазТрансОйл» мен «Транснефть» арасында шарт жасалды. Соның аясында қаңтар-мамыр айларында 520 мың тонна шикізат жеткізілді», - деп ақпарат берді министрліктің баспасөз қызметі.
Қазақстан мұнайын әлем нарығына экспорттайтын тағы бір тиімді жол – Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты. Дәл осы бағытпен мұнай жеткізуді іске асыру үшін «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ мен «SOCAR» компаниясы арасында келісімге қол қойылған. Келісімге сәйкес Әзербайжан арқылы транзиттің қосымша маршруттарын дамыту шеңберінде Баку – Тбилиси – Джейхан арқылы жылына 1,5 млн тонна көлемінде мұнай тасымалдау жөніндегі уағдаластық қамтамасыз етілді. Соның қорытындысымен мұнай айдау көлемі шамамен 1 млн тонна болды.
Ал, Әзербайжан елі қазақстандық мұнайды қабылдау көлемін жылына 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға ниет білдіріп отыр. Ортақ меморандумды орындау шеңберінде «ҚазМұнайГаз» бен «SOCAR» компаниясының жол картасы әзірленген. Оның негізгі мақсаты – Әзербайжан Республикасының аумағымен қазақстандық мұнай транзитінің көлемін ұлғайту.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қашаған мен Қарашығанақты одан әрі дамыту мәселесі талқыланған еді.