Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының өңірлерде филиалдары құрылуда
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің атап өткеніндей, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мұнайгаз, геология салаларына баса көңіл бөліп, соның нәтижесінде Қашаған кен орны және Каспий теңізінде, құрлықта да бірқатар кен орындары ашылып, геологиялық барлау жұмыстары қолға алынды.
Балтабек Қуандықовтың айтуынша, геологиялық барлау және мұнай өндіру бағытындағы ғылым мен техниканың қазіргі даму қарқыны отандық және әлемдік үздік тәжірибені пайдалануды, динамикалы дамуды қажет етеді. Әлемдік геологиялық және геофизикалық ғылымның жаңа жетістіктерін, технологияларды енгізбейінше, дамудың даңғыл жолына түсу қиын. Сондықтан қоғамдық бірлестік ғылымның жетістіктерін жеткізуді және дамытуды қамтамасыз етеді әрі тәжірибе алмасатын, пікір алысатын тұрақты алаң болмақ. Ол еліміздің барлық мұнай өндіретін өңірлерін қамтитын болады. Мұнайшы-геологтардың кәсіби қоғамының Қазақстанның мұнайлы астанасы Атырауда тіркелуі заңды. Өйткені онда Қазақстан мұнайының жартысынан астамы өндіріледі. Құрылғанына бес жыл болған қоғамның филиалы екі өңірде, Маңғыстау, Атырау облыстарында жұмыс істейді. Енді БҚО-да ашылмақ. Қызылорда облысының геологтары да қоғамға мүше болуға дайын. Биыл Астанада және жалпы еліміз бойынша республикалық қоғамның 8 филиалы ашылады. «Қазақстанда геологтардың қызметін үйлестіретін ортақ орган жоқ. Сондықтан геологиялық кәсіпорындар мен геологтардың басын біріктіретін қоғамдық бірлестік филиалын құру - басты мақсат. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын қоғамдық бірлестік ғылыми конференцияларды, соның ішінде халықаралық шараларды өткізуге мұрындық болып жүр. Қазақстандағы мұнайгаз жоғары оқу орындарындағы студенттер мен геологтар арасындағы байланысты жолға қойғымыз келеді. Мұнайгаз саласының қалыптасуына үлес қосқан геолог-ардагерлер жөнінде және ғылыми тақырыптағы кітаптар шығардық. Жақында мамыр айында Азербайжандағы мұнайшы-геологтар қоғамымен келісімшарт жасадық. Мұның бәрі қазақстандық геологтардың көрші елдердегі технологияларға, жалпы ақпараттарға қолдары жетуі үшін жасалуда», - деді Б.Қуандықов.
Жиында Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы БҚО филиалының төрағалығына «Карповский Северный» ЖШС-ның бас геологы Әділқасым Батыров сайланды .