15:21, 29 Қазан 2015 | GMT +5
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы балаларды зорлауға қатысты пәтуа шығарды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің ІX отырысында педофилияға қатысты пәтуа шығарылды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, балаларды зорлау деректері, өкінішке қарай, қоғамда барған сайын жиі кездесіп жатыр. Ол Құран аяттарында келтірілетін «арсыздық», «ұятсыздық», «қылмыс» «күнә» секілді ұғымдарға жатады.
«Осындай қылмысқа барған және онымен қоймай жәбірленушіні өлтірген қылмыскер ең ауыр жазаға тартылуы тиіс. Шариғат бойынша жазаға келетін болсақ, бұл ауыр қылмыс адам баласына қарсы жасалған қылмыс болып есептеледі, сондықтан қолданылатын жаза да ауыр болады», - делінген пәтуада.