16:58, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстан неміс технологиялары трансфертіне және бірлескен өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүдделі ? Мемлекет басшысы
БЕРЛИН. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Қазақстан неміс технологиялары трансфертіне және өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, ауыл шаруашылығы, медицина және фармацевтика салаларындағы бірлескен өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Берлиндегі бірлескен бизнес-форумда мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мемлекет басшысы қазақстан-герман ынтымақтастығының әлеуеті әлі де мол екенін атап көрсетті. Біздің қатынастарымызға қосымша серпін беру үшін жаңа өндірістер құру, технологиялар трансферті, өңдеу секторында, машина жасауда, әсіресе мұнай мен газды өңдеу, ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтастықты жандандыра түсер едік , деп атап өтті Президент. Н.Назарбаевтың айтуынша, әсіресе медицина мен фармацевтика саласына салым тиімді, өйткені Қазақстан жыл сайын шетелдерден жарты миллиард доллар көлемінде дәрі-дәрмектер импорттайды. Елбасы, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «Маккензи» консалтингтік компаниясымен бірлесіп инвесторларға ұсынылатын басымдық жобалардың тізімін жасағанын айтты. Атап айтқанда, тамақ өнеркәсібі, мұнай химиясы, көлік логистикасы салаларына басымдық беріледі. «Неміс компаниялары оларды жүзеге асыруға қатыса алады деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы. Президент бизнес-байланыстарды дамытуда Қазақстандағы неміс диаспорасы мен ГФР-ға қоныс аударған немістер маңызды буын болатынын атап өтті. «Мен ондаған отбасылардың туған жерді аңсап қайта оралып, Қазақстанда бизнесін ашып жатқанын білемін. Біз осы мүмкіндікті пайдалануға тиіспіз», - деді Н.Назарбаев. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов журналистерге берген сұхбатында «бүгінде әр тараптың өзара инвестициялары 3 млрд. доллардан асатынын» айтты. Форум ауқымында неміс технологиялары трансфертін ғана емес, қазақстандық компаниялардың Германия экономикасына инвестицияларын көздейтін келісімдерге қол қойылмақ. Айталық, елшіліктің мәліметі бойынша, қазақстандық «Petraluxe» компаниясы Саксонияда қаптама материалдарын шығаратын зауыт құрылысы жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр, кейіннен оның өнімдері Қазақстанға жөнелтілмек. Қазақстандық инвестициялар 35 млн. еуроны құрайды. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 500-ден астам неміс компаниялары жұмыс жасауда, олардың арасында Volkswagen, Bosch, ThyssenKrupp және басқа да ірі өндірістер бар.«Бұдан басқа, 1,5 мыңнан астам неміс компаниялары қазақстандық фирмалармен сауда қатынастарын белсенді жүргізуде. Бұл, өз кезегінде, 5 млрд. АҚШ долларынан астам тауар айналымына жәрдемдесуде», деді министр.Қазақстан Германияға мұнай, металл, химия шикізатын жеткізеді және машиналарды, жабдықтарды, автомобильдер мен дәрі-дәрмектерді импорттайды. ТМД елдерінің арасында Қазақстан Германияның сыртқы саудасында импорт бойынша Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында, экспорт бойынша ? төртінші орында тұр.