«Қазақстан-Норвегия» матчына билет қолдан-қолға қаншадан сатылып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін 19:00-де Алматы Орталық стадионында УЕФА Ұлттар Лига аясында Қазақстан мен Норвегия құрамалары арасында матч өтеді. 20 тамыз күні сатылымға шыққан бұл матчтың билеттері бір тәулік ішінде толық өтіп кеткен.
Ресми мәліметке сәйкес, матч билеті 2-10 мың аралығында тек онлайн сатылған. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы алыпсатудың алдын алу үшін сатып алынған билет матчы басталуына 2 сағат қалғанда көрсеткен поштаға келетінін хабарлады.
Дегенмен, желіде Эрлинг Холанд пен Мартин Эдегор сынды әлемдік футбол жұлдыздары қатысатын ойынға билеттерді сатып алуға болады. Ғаламтордағы билет құны 8 мыңнан басталып 25 мыңға дейін жетеді.
Сатушылардың бірі стадионның шығыс бөлігі 44 сектордағы 2 билеттің әрқайсысын 22 мың теңгеге ұсынады. Ал билетті ойын басталар алдында 1-2 сағат бұрын стадион жанынан беретінін айтады.
Айта кеткен жөн, Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген матч алдындағы баспасөз мәслихатында достарының бұл ойынға билет сұрағанын айтқан еді.
— Менен достарым билет сұрады. Мен «сендер Ұлттық құраманы қолдауға келесіңдер ме, әлде Холанды көруге ме» деймін, — деді қазақстандық футболшы.
Еске салайық, бұған дейін Норвегия құрамасы Алматыдағы стадионда жаттығу өткізгенін жазғанбыз.
Сондай-ақ Алматы полициясы күшейтілген режимге көшті.