Қазақстан объективті қылмыстық статистикаға қол жеткізді - А. Шпекбаев
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда объективті қылмыстық статистика бар деп айтуға толық негіз бар.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Президенті Әкімшілігі құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, қылмысты тіркеу бойынша кешенді шараларды енгізудің арқасында көп жылдардан бері алғаш рет Қазақстанда объективті статистика пайда болды.
Белгілі болғандай, өткен жылы есепті-тіркеу тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық қудалау органдары қызметкерлеріне қатысты 108 қылмыстық іс қозғалған екен.
«Прокурорлардың ұсынысымен және қаулысымен тәртіптік жауапкершілікке 2 493 қызметкер тартылды. Жыл сайын жасырылатын 200 мыңнан астам қылмыс "көлеңкеден" шығарылды», - деп нақтылап өтті А. Шпекбаев.