Қазақстан оқушылары әлемдегі ең беделді олимпиадада төрт медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM - Филиппинде мектеп оқушыларына арналған әлемдегі басты зияткерлік сайыстардың бірі – Халықаралық биология олимпиадасы (International Biology Olympiad, IBO-2025) өз мәресіне жетті.

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, биыл бұл додаға 80 елден 320-дан астам дарынды жас қатысты.
Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі қола медаль иеленіп, 100 пайыздық командалық нәтиже көрсетті:
Ерсултан Қайыркен – Павлодар облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;
Батыр Ержанұлы – Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;
Айғаным Балташева – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
Алихан Ашырханов – Алматы қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы.
Команданың ғылыми жетекшілері – отандық ғылымды белсенді дамытып жүрген жас биолог-ғалымдар Ләйлә Асқарова мен Ильяс Сакимов.
IBO-2025 олимпиадасы екі кезеңнен тұрды: Теориялық тур – молекулалық және жасушалық биология, генетика, экология, эволюция және биожүйелеу бойынша күрделі есептерді шешу. Практикалық тур – зертханалық жұмыстар, микроскопия, үлгілермен жұмыс істеу және биологиялық процестерді талдау.
Қазақстан 1994 жылдан бері IBO олимпиадасына қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 2 алтын, 18 күміс және 56 қола медаль, сондай-ақ 12 құрмет грамотасын жеңіп алды.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстан бұл олимпиаданы өзі қабылдап, тағы да 100 пайыздық нәтижеге қол жеткізген болатын.
Қазақстан құрамасы әлемдік деңгейдегі зияткерлік сайыстарда жоғары нәтижелер көрсетуді жалғастырып келеді. Аустралияда өткен мектеп оқушыларына арналған ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі — Математикадан халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар алты медаль жеңіп алды.