Қазақстан оқушыларының 75% толық отбасында тұрады
Аталған құжатта 11, 13 және 15 жастағы 7400-ден астам мектеп оқушысының ауқымды деректері жинақталған. Есеп 2022 жылғы «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» (HBSC) зерттеуіне негізделген.
«Балалардың 74,9%-ы ата-анасымен бірге тұрады. Оның ішінде балалардың 72,9%-ы әкесі және анасымен, 1,7%-ы анасы және өгей әкесімен, 0,3%-ы өгей шешесі және әкесімен тұрады. 21,4%-ы анасымен, 3,1% - ы әкесімен, 0,6%-ы патронаттық тәрбиеде тұрады», - делінген хабарламада.
Ата-анасымен бірге тұратын балалардың 68%-ында әкесі де, анасы да жұмыс істейді, 26,1%-ында біреуі ғана жұмыс істесе, 1,7%-ында екеуі де жұмыссыз.
Отбасының әлеуметтік-экономикалық деңгейі бойынша табысы төмен балалардың үлесі – 19,4%, орташа деңгейде – 61%, жоғары деңгейде – 19,6% бала бар. Бұл ретте, өткен жылы 2018 жылмен салыстырғанда орташа және жоғары табысы бар отбасынан шыққан оқушылардың пайызы өсті және төмен табысы бар отбасылар азайған.
Талдау барысында анықталғандай, жасөспірімдерге әкелеріне (80,4%) қарағанда аналарымен (89,4%) не қызықтыратыны туралы сөйлесу оңайырақ. 15 жасқа қарай әсіресе қыздарда ата-анамен қарым-қатынас сапасы нашарлайды. Барлық жастағы ұлдар қыздарға қарағанда анасымен және әкесімен қарым-қатынас жасау оңай екенін жиі айтады.
Күн сайын оқушылардың 78,4%-ы отбасымен бір дастарханда тамақтанады.
Жасөспірімдердің көпшілігі (76%) отбасының үлкен қолдауын сезінеді. Бұл көрсеткіш қыздарға қарағанда ұлдарда жоғары, жасына қарай бұл көрсеткіш төмендейді. 2018 жылдан бастап 2022 жылға қарай отбасының қолдауы жоғары балалардың үлесі 5%-ға төмендегені байқалады. Орташа алғанда, балалардың 64,9%-ы достарының қолдауы көбірек екенін айтқан.