Қазақстан онкологиялық науқастарды емдеуде қай елдердің тәжірибесін негізге алады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Редакциямыздың ресми сауалына жауап берген Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Азамат Дүйсенов онкологиялық науқастарды емдеуде қандай елдердің тәжірибесі қолданылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан онкологиялық науқастарды емдеуде қай елдердің тәжірибесін негізге алады

«Көптеген елдерде онкологиялық ауруларды емдеу саласындағы өз жетістіктері бар. Бірінші кезекте, өз тиімділігін көрсеткен, сұранысқа ие және жоғары тиімді жабдықтың болуын ескере отырып, Қазақстанда енгізілуі мүмкін технологиялар қабылданады. Қазіргі уақытта әлемде онкоортопедияда 3D технологиясының әртүрлі әдістері белсенді қолданылады және дамуда. Операцияның бұл түрі хирургиялық топтың арнайы дайындығын, анестезиологиялық құралдардың кәсібилігін, заманауи жабдықтардың болуын талап етеді. Айта кету керек, бұл бағытта онкоортопедияның әлемдік көшбасшыларының бірі – Қытай», - деді Азамат Дүйсенов тілші сауалына орай.

Департамент дерегінше, елімізде қатерлі ісікті емдеу Еуропалық стандарттарға сай жүргізіледі.

«Қазақстанда онкологиялық диагноз бар науқастарға жүретін емдеу тәсілдері мен диагностикасының хаттамалары Еуропалық талаптарға сәйкес келеді. Яғни, елімізде онкологияға қарсы емнің кең таралған түрлері көрсетіледі. Егер онкологиялық науқастарды емдеу кезінде кейбір технологиялар мен қызметтер елде жоқ және көрсетілімдер кезінде бұл пациенттер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қажет қызметтерді көрсететін шетелдік клиникаларға емделуге жіберіледі», - деп жазылған Азамат Дүйсеновтің жауабында.

Қоса кетсек, Қазақстанда онкологиямен ауыратын 210 мыңнан астам адам есепте тұр.

Кейінгі 2 жылда жастардан қатерлі ісік жиі анықталып жатыр.

Жалпы жыл сайын онокологияға шалдыққан науқастарды емдеуге 36 млрд теңге бөлінеді.