Қазақстан өңірлерінде аквапаркке кіру билетінің құны қанша

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның кейбір өңірінде аквапарк жоқ. Ал аквапаркі бар өңірлерде кіру құны 1700 теңгеден басталып, 16 000 теңгеге дейін жетеді деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

аквапарк
Фото: Canva

Қызмет түрі мен қолжетімділігі

Қазақстанның кейбір қаласында аквапарк жоқ. Болған күннің өзінде көбінде жалғыз ғана суға түсу орны қарастырылған. Қазіргі кезде Орал, Жезқазған, Көкшетау, Қостанай мен Павлодардан аквапарк таппайсыз. Соңғы екі қалада құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Ал аквапаркі бар қалаларда қызмет түрі әрқилы. Кейбір аквапаркте күні бойы тынығуға мүмкіндік болса, екінші бірі уақытты шектеп, 3-4 сағат деп талап қояды. Сонымен бірге аяқ киім мен сүлгіні жалға алуға болады. Аквапарктегі сырғанақтың түрі, сауна да бағаға әсер етеді. Кейбір өңірде көпбалалы отбасына, мүгедектігі бар адамдарға жеңілдік бар. Ереже бойынша 3 немесе 4 жасқа толмаған балаларға кіру тегін. Ал Өскемен 6 айлыққа дейінгі балалар ғана тегін кіре алады. Өзгелерге кіру ақылы. Алты айлық сәбиден бастап 1 жастағы балаларға кіру билетінің тең жартысын төлейді. Сонымен бірге жұмыс күндері кіру құны арзан болса, демалыс күндері кейбір аквапарктер бағасын көтереді.

Қай өңірде қымбат?

Ең арзаны Қызылорда қаласында. Мұнда жұмыс күндері бір балаға кіру билетінің құны 1700 теңге. Демалыс күндері баға көтеріледі. Ересектерге кіру құны – 6000 теңге. Жалпы елімізде ересектерге арналған билет балаларға қарағанда 1000-2000 теңгеге жоғары.

Кіру билетінің құны арзан өңірлер тізімі бойынша екінші орында Түркістан, Талдықорған мен Семей тұр. Мұнда балаларға арналған билет бағасы 2000 теңгеден басталады. Осы қалалардың ішінде баға Түркістанда жоғары. Мұнда билет құны – 4000 теңге. Ал Семейде аквапаркке кіру кезінде бала мен ересек деп бөлмей, бәріне бір тариф ұсынылады. Тек демалыс күндері билет бағасы әдеттегіден 2500 теңгеге қымбат болып келеді. Ал Талдықорғанда бұл ақшаға үрмелі аквапарк қызметін пайдалануға болады. Мұнда да сырғанақ, бассейн бар. Тек бәрі ашық аспан астында немесе үрмелі аквапарк ішінде.

Рейтинг бойынша келесі кезекте Шымкент қаласы тұр. Мұнда баға 2500-6000 теңге аралығында. Қала үлкен, соған сәйкес бірнеше аквапарк жұмыс істейді. Ал баға біркелкі.

Атырауда баға 3000-12000 теңге аралығында. Мұнда демалысқа арналған екі орын бар. Бірінде баға 6000 теңгеге дейін барады. Одан әрі Қарағанды қаласы жайғасты. Мұнда баға 3500-5500 теңге аралығында. Тараз қаласын да бір жабық, бір ашық аквапарк бар. Билет құны 3600 – 5200 теңге аралығында.

Ақтауда аквапаркке кіру құны балаларға 4000 теңгеден басталады. Ересектер үшін 8000 теңге болып тұр. Шілде айындағы бағасы осы. Ал маусымда кіру құны арзан болды.

Ақтөбе, Петропавлда аквапаркке кіру құны 5000 теңгеден басталады. Осы тізімге Бурабайды да қосуға болады. Мұнда көкшетаулықтар барады. Курорттық аймақта баға 10 000 теңгеге дейін жетеді.

Өскеменде 5500 теңге төлеп, күні бойы сулы сырғанақта сырғанауға болады. Мұнда да кіру билетінің құны бала мен ересектерге деп бөлінбейді. Ал демалыс күндері баға 8000 теңге болып тұр.

Алматыда аквапарк көп. Соған қарамастан бұл бағаға еш әсер етпей тұр. Ең арзан билет құны балаларға 6000 теңгеден басталады. Ал ең қымбаты ересектер үшін 16 000 теңге.

Қазақстан бойынша Астанада аквапарк қызметі қымбат. Астанада 4 сағаттық қызмет балаларға 6600 теңге болса, ересектерге 12 200 теңге. Күні бойы аквапаркте жүргіңіз келсе, 14 жасқа толмаған балаларға 8600-9000 теңге, ал өзгелерге 14 000-15200 теңге төлеуге тура келеді.

Қазақстан өңірлерінде аквапаркке кіру билетінің құны қанша
Фото: Kazinform

Айтып өтейік, бұған дейін балалар лагеріне жолдама құны туралы жазылды.

Сонымен бірге аниматорлардың құны сараланды.

Жаз айларында қарбыз бен қауынның да бағасын білдік.

 

Соңғы жаңалықтар