Қазақстан өңірлерінде бір аптада қандай жаңа нысандар ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірнеше өңірінде жаңа өндіріс орындары, білім және спорт нысандары ашылып, автожолдар жөндеуден өтті. Бір апта ішінде Көкшетауда газ баллондары өндірісі іске қосылып, Таразда IT-лицей-интернаты ашылды, ал Шымкентте өрт сөндіру, полиция және жедел жәрдем қызметтерін біріктірген кешен жұмысын бастады. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.

Қазақстан өңірлерінде бір аптада қандай жаңа нысандар ашылды
Фото: Үкімет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан өңірлерінде өнеркәсіптік, әлеуметтік, спорттық, көлік инфрақұрылымын және шұғыл ден қою қызметтерін дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Бір апта ішінде елімізде газ баллондары мен клапандар шығарыла бастады, IT-лицей-интернатының ғимараты ашылып, стадион жаңартылды, автожол учаскелері жөнделіп, өртке қарсы және шұғыл қызмет нысандары пайдалануға берілді.

Қостанай облысында жөндеуден кейін жалпы ұзындығы 56,7 шақырымдық «Астана – Қостанай – РФ шекарасы» автожолының екі учаскесі ашылды. Осы жылы өңірде жалпы ұзындығы 163 шақырым болатын республикалық автожолдардың бес учаскесі жөнделді.

Көкшетауда газ баллондары мен оларды қауіпсіз пайдалануға арналған клапандар өндірісі іске қосылды. Жаңа өнімдер ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталған. Тек Ақмола облысының өзінде 220 мыңнан астам газ баллоны пайдаланылатынын ескерсек, бұл жоғары сұраныстың нәтижесінде өндіріс көлемі одан әрі арта түсетінін білдіреді.

Таразда әрқайсысы 300 орындық IT-лицей-интернатының оқу корпусы мен жатақханасы ашылды. Жаңа ғимараттар оқушылардың білім алуына және тұруына, сондай-ақ олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыта түсу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Үш блоктан тұратын кешенге асхана, спорт және акт залдары, сондай-ақ кітапхана кіреді.

Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында реконструкция жұмыстарынан кейін «Жастар» стадионы пайдалануға берілді. Нысан спорт залымен, FIFA стандарттарына сай футбол алаңымен, ұлттық спорт және жаттығу алаңдарымен, жүгіру жолдарымен және экстремалды спорт түрлеріне арналған аймақпен жабдықталған.

Қазақстан өңірлерінде өртке қарсы және шұғыл қызметтің жаңа нысандары ашылуда. Мәселен, Қостанай облысының Приречное ауылында өрт сөндіру автокөлігі және жауынгерлік киімдері бар «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеті жұмысын бастады, Ақмола облысының 370 адам тұратын Кенащы ауылында да «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеті ашылды, бұл еліміз бойынша осындай 326-шы нысан. Ал Шымкент қаласында жедел қызметтердің бірыңғай кешені жұмыс істей бастады, онда өрт сөндіру бөлімі, полиция және жедел жәрдем пункттері біріктірілген. Кешен Жаңаталап тұрғын үй алабындағы 11,2 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.

Еске салсақ, Түркістанда жаңа перинаталдық орталық ашылып, 570 орындық аурухана салынып жатыр.