14:13, 13 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақстан Оңтүстік Кореяның кең жолақты сымсыз интернетін енгізетін болады
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Оңтүстік Корея Республикасының «Самсунг» компаниясы әзірлеген кең жолақты сымсыз интернетті енгізетін болады.

Бұл туралы бүгін Ақордада Корея Президенті Ли Мён Бакпен жүргізілген келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Ақордада өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Президент Ли Мён Бак Қазақстанға ақпараттық технологиялар, оның ішінде «Wi-Bro» атты сымсыз, кең жолақты интернет технологиясы саласында ынтымақтасу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Оның сөзіне қарағанда, бұл технологияны тұңғыш рет оңтүстіккореялық компаниялар әзірлеген. Және ол дүниежүзінде әлемдік стандарт ретінде пайдаланылады. «Егер сіздер мұндай технологияны аумағы үлкен өздеріңіздің елдеріңізде пайдаланатын болсаңыздар, ол Қазақстандағы ақпараттық технологияны дамыту үшін ең үнемді технология бола алар еді. Сондай-ақ сіздер бұл технологияны қолданатын болсаңыздар, оны көрші елдеріңізге де тарата аласыздар», - деп атап көрсеткен еді Корея басшысы.