Қазақстан-Оңтүстік Корея: саясат пен экономикадағы жаңа тегеурін
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Оңтүстік Кореяның Еуразиялық саясатты зерттеу институтымен бірлесіп, екі ел қарым-қатынасын дамыту туралы семинар өткізді. Басқосуға Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-ик, сондай-ақ Оңтүстік Кореяның талдау орталықтары мен институттарының өкілдері қатысты. Семинарда қандай бастамалар тілге тиек болғанын Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Жаһандық қатерлерге қарсы бірлескен шешім
Аталған жиында алғашқы болып сөз алған ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Оңтүстік Кореяның даму бағыты қызықтыратынын атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан табысты экономикалық және технологиялық дамуды, жасанды интеллект, робототехника, биотехнология, адами және инновациялық дамудың жаһандық трендтерін ұсынып отырған Оңтүстік Кореяның тәжірибесін игеруге мүдделі.
– Сарапшылық қауымдастықтың таяу болашақтағы басты міндеті ретінде мен Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасын жаңғыртуға, әсіресе шикізаттық емес секторларын дамытуға қатысу мүмкіндіктеріне тереңдетілген зерттеу жүргізуді ұсынамын. Ағымдағы жылы Корея мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Оңтүстік Кореяның «K-SILK ROAD» бастамасы іске қосылды. Оны біз арнайы сала мамандары мен сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты зерделеуіміз керек. Сондай-ақ Қазақстан мен Кореяның арасындағы жаңа өзара тиімді жобаларының делдалы бола алатын талдау орталықтары арасында серіктестік орнатуды жөн санаймын, – деді Еркін Тұқымов.
Сондай-ақ ҚСЗИ директоры 2025 жылы өтетін «Орталық Азия – Оңтүстік Корея» саммиті қарсаңында саммит үшін нақты ұсыныстар әзірлеу мақсатында сарапшылық кездесу ұйымдастыруды ұсынды.
Өз кезегінде Елші Чжо Тэ-ик Кореяның Орталық Азиямен саудасының 60 пайыздан астамын Қазақстан алып тұрғанын, аймақтағы ең маңызды сауда серіктес екенін атап өтті. Соңғы 32 жылда Қазақстанға бағытталған корейлік инвестиция 4,3 млрд доллардан асқан. Қазақстанда 370-тен астам кореялық компания жұмыс істеуде.
– Корея мен Орталық Азия арасындағы «K-SILK ROAD» ынтымақтастық бастамасының жарияланғанына бес айға жуық уақыт өтті. Сондықтан бұл семинар бізге көптеген перспективалы бағыттар бойынша екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуды талқылауға дер кезінде мүмкіндік береді, – деді Корея Елшісі.
Семинарда тараптар Қазақстан-Корея ынтымақтастығының экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамыту және нығайту, жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп шешу ісінде орасан зор әлеуеті бар деген шешімге келді. Сондықтан өткізілген семинарды ортақ мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам деп бағалауға болады.
Екіжақты даму барлық саланы қамтуда
Бұдан соң басқосуда сарапшылар баяндама оқып, екі ел қарым-қатынасының негізгі бағыттарына тоқталды. Мәселен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы Ерлан Жақыповтың айтуынша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында жалпы құны 5,2 млрд долларды құрайтын инвестициялық жобалар іске асырылуда. 3,4 млрд долларға бағаланған 30 жоба аяқталып үлгерсе, 2 млрд долларға 10 жоба іске асырылуда. Бұған қоса 165 млн долларға бағаланып тұрған 12 перспективалы жоба бар. Әсіресе, қазір екі тарап автомобиль саудасы мен бірлескен автоөндіріс те қарқынды дамып жатқаны айтылды.
Ал ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашевтың айтуынша, қазақ пен корей халқының ортақ ұлттық қызығушылықтары, экономикалық және әлеуметтік байланыстары терең. Бұдан бөлек, Қазақстанның демографиялық өсімі өте жоғары, Орталық Азия келешегінде орны ерекше. Жастардан құралған жұмыс күші жетерлік, сондықтан елдің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын сақтауға негіз бар.
– Цифрлық технологияларды жылдам енгізу, урбанизация және өңірлік ұтқырлықтың дамуы Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлін өзгертеді. Бұл трансформация ауылдық жерлердегі дәстүрлі жұмыспен қамтуға негізделмеген, халық жаңа мүмкіндіктер мен мәдени қарым-қатынастарды бет алды.
Қазақстандық жастар өңір ішінде де, халықаралық деңгейде де өте ұтқыр. Олар көбінесе саяхаттап, шетелде оқып, еліне жаңа дағдылар мен идеялар әкеледі. Олар осылайша біздің жергілікті экономикамызды және қоғамды көтермелейді. Олардың өзгерістерге ашықтығы ұлттық бірегейлік сезімімен үйлескен, кеңестік мұраға байланыстырылмаған, анық ұлттық баянға деген сұраныстан туған, – деп ойын айшықтады Айдар Құрмашев.
Қазір Қазақстан IT саласы, жасанды интелект, жаңа технологиялар бойынша жобаларды Оңтүстік Кореямен бірлесе атқаруға ұмтылуда. Бұған қоса энергетика саласында да сабақ алуға ниетті. Өйткені Азия жер жүзінің жартысын алып жатыр деп қарастырсақ, құрлықта жетекші экономикаға Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея ие болып отыр.
Сондай-ақ сарапшы екі елдің мәдени байланыстары да үйлесім тауып жатқанын баяндады.
– 2004 жылдан бастап қазақ тілі Оңтүстік Кореяның Ханкук университетінде оқытылады. Сеулде Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату Оңтүстік Кореяның қазақ мұрасы үшін алғысын білдіретін тағы бір кезең болды.
Қазір Оңтүстік Кореяда этникалық кәрістерді қоса алғанда, 40 мыңнан астам қазақстандық тұрады. Қазақстанда 120 мыңнан астам этникалық корей өмір сүруде. Бұл қоғамдастық өзара түсіністікке және білім алмасуға ықпал ете отырып, ұлттар арасындағы мәдени көпір рөлін атқарады. Азаматтарымыздың қарым-қатынасы екі ел достығын нығайтты және неғұрлым тығыз әлеуметтік байланыстардың іргетасы болды.
Менің ойымша, диаспора арасында ғылыми және сарапшы топтармен жүйелі ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастыру керек. Бірлескен зерттеулер, инновациялық жобаларды әзірлеу, білім мен тәжірибе алмасу, сондай-ақ әлемдік ғылыми қоғамдастықпен байланыстарды тереңдету ынтымақтастықтың нәтижесі болуға тиіс, – деп қорытындылады сөзін Айдар Құрмашев.
Басқосуды түйіндер болсақ, Қазақстанның Оңтүстік Кореямен қарым-қатынасы ортақ құндылықтар мен түрлі саладағы басымдықтарға негізделуде. Екі ел де бұл ынтымақтастықты тиімді пайдалана алып отыр. Жаңа технологияларды игеруде, жасыл энергетикада, мәдени байланыстарда, өңірлік интеграцияда назар аударар тұс көп. Екі елдің серіктестігі бүтін Орталық Азияда тұрақты өсім мен инновациялардың бастаушысы бола алады. Қазақстан мен Оңтүстік Корея келешекте экономиканы негізге ала отырып, ортақ ұстанымды қалыптастыра беретінін байқау қиын емес.