Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азиядан еуропалық нарыққа бағытталатын тауар транзитін арттыруға ниетті

Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азиядан еуропалық нарыққа бағытталатын тауар транзитін арттыруға ниетті
Фото: Әлихан Асқар/ Kazinform

Қазақстан Ляньюньган теңіз портындағы қазақ-қытай терминалы арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тауарын Еуропа мен Орталық Азия нарығына бағытталған транзитін ұлғайтуға ниетті. Мұны Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық көлік форумына қатысқан ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Формуда сөз алған Талғат Ластаев Қазақстан өз аумағындағы халықаралық көлік-транзиттік дәліздерді жетілдіруге баса назар аударатынын атап өтті.

«Қазақстан көлік транзитінің әлеуетін дамытуға және оларды жаңғыртуға үлкен күш салады. Еуропадан Орталық Азия, Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне шығатын ең қысқа жол біздің еліміз арқылы өтеді. Қазақстанда 13 халықаралық көлік дәлізі бар, оның бесеуі темір жол болса, сегізі автокөлікке арналған», - деп тоқталды вице-министр сөз басында.

Талғат Ластаев атап өткендей, 2025 жылға дейін «Дарбаза-Мақтаарал» жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Бұл тауар тасымалдау уақытын қысқартуға және қазір үлкен күш түсіп тұрған өткізу пунктілерінің жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді. 

Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азиядан еуропалық нарыққа бағытталатын тауар транзитін арттыруға ниетті
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Сондай-ақ келешекте Жетісай станциясына шығу арқылы Сарыағаш өткізу пунктінің жүктемесін азайту қарастырылып отыр. Өзбекстан тарапымен бірлесіп, Жизақ-Иржар темір жол учаскесін жөндеуден өткізіп, Иржар станциясында қосымша өткізу пунктін ашу жобасын пысықтап жатырмыз. Бұл жоба «Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар» дәлізі үшін маңызды», - деді Талғат Ластаев.

Мұнымен қоса Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия (ОША) елдерімен өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылап жатыр. Еліміз Ляньюньган теңіз портындағы (Цзянсу провинциясы) қазақ-қытай терминалы арқылы ОША мемлекеттері тауарларының Еуропа мен Орталық Азия нарығына транзитін ұлғайтуға ниетті.

«Ляньюньганды Ақтау портымен ұштастыру және Транскаспий дәлізін жетілдіру Еуропа мен Азия арасындағы саудаға оң серпін береді. Көлік саласының уақыт өте келе мультимодальды бола түсуіне орай Шығыс-Батыс мультимодальды көлік байланысы алдағы уақытта маңызды рөл атқаруы мүмкін. Біздің өңір Еуропа мен Шығыс Азияны байланыстыратын негізгі аймақ, сондай-ақ ол Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» және Еуропаның «Global Gateway» бастамалары үшін маңызды», - деп атап өтті Талғат Ластаев.

Көлік форумы аясында бірқатар халықаралық құжатқа қол қойылды. Нақты тоқталсақ, вице-министр Талғат Ластаев «Беларусь – Ресей – Қазақстан - Өзбекстан - Ауғанстан - Пәкістан» халықаралық көлік дәлізін құру және дамыту туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды. 

Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азиядан еуропалық нарыққа бағытталатын тауар транзитін арттыруға ниетті
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Еске сала кетейік, бұл күндері Ташкент қаласында авиация саласындағы «Aviation&Logistics Forum – 2023» форумы және «Translogistica Uzbekistan – 2023» көрмесі өтіп жатыр. Ертең, яғни 2 қарашада Экономикалық ынтымақтастық ұйымы көлік министрлерінің 12-ші кездесуі өтеді.

Соңғы жаңалықтар