Қазақстан ОПЕК+ келісімінен шыға ма
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл сұраққа Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында жауап берді.

— Білмейтін адамдар үшін айта кетейін, Біз - ОПЕК мүшесі емеспіз, ОПЕК+ келісімінің қатысушысымыз. ОПЕК+ аясында өз міндеттемелерімізді барынша орындауға тырысамыз. Әр кезеңнің өз межесі бар. Оларды әрдайым орындау мүмкін болмауы ықтимал. Мысалы, биыл Теңіз кен орнын кеңейту жоспарына байланысты осылай болды, — деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов Қазақстанның ОПЕК+ ұйымынан бөлек Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ жобалары бойынша өнім бөлісу келісімдері бар екенін еске салды.
— Тағы да өнім бөлісу туралы келісім туралы айтсақ, бәрі келісілген. Сондықтан ОПЕК+ келісіміндегі әріптестерімізге ол міндеттемелер туралы үнемі айтып отырамыз. Мысалы, былтыр мұнай өндіру көлемі жоспардан төмен болды. Біз серіктестерімізден мұнай өндіру көлемін төмендетуді талап ете алмаймыз. Олар болашақ кеңейту жобасына 49 млрд салып қойды. Осыған байланысты мұнай өндіру көлемін арттырып, инвестициясын өтеп алғысы келеді. Дәл қазір ОПЕК+ келісімінен шығу мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Бұл келісім пайдалы деп есептейміз. Өйткені оның қызметі мұнай нарығындағы тұрақтылыққа ықпал етіп отыр. Шығу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Міндеттемелерімізді барынша орындауға тырысамыз, бірақ ұлттық мүддемізді ескереміз, — деді Премьер-министр.
Бұған дейін ОПЕК+ ұйымының 8 елі мұнай өндіру көлемін тамыз айында тәулігіне 548 баррельге дейін ұлғайтуды көздеп отырғанын жаздық.