Қазақстан - Орта Азияның жарқын жұлдызы - Түркия Президенті

Кездесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланған болатын. Онда Қазақстан Президентіне өзінің жылы лебіздерін жеткізген Түркия басшысы Елбасымен жақсы достық қарым-қатынаста екенін жеткізді. Сондай-ақ Абдулла Гүл Қазақстанда өткелі жатқан Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен елдегі демократиялық өзгерістерді қолдайтындығын айта келе: «Қазақстан - Орталық Азияның жарқын жұлдызы» деп атап көрсетті.
Өз кезегінде Сенат төрағасы Қ.Мәми екі ел арасындағы қатынастар көпсалалы стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне көтерілгендігін айтты. Спикердің сөзіне қарағанда, жағдайдың бұлайша сипат алуына Түркия Президентінің өткен жылдың көктемінде Қазақстанға сапары барысында келісілген мәселелердің сәтімен жүзеге асуы себеп болып отыр. Жүздесу барысында Қ.Мәми екіжақты байланыстарды нығайтуда парламентаралық ынтымақтастықтың маңызды орын алып отырғандығын атап өтті.
«Сондықтан да екі ел Парламентінің өкілдері өзара ықпалдастықты одан әрі өрбітуге мүдделі. Бұл ретте парламенттік дипломатияның басым бағыты Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының аясындағы байланысты нығайту болып отыр», - деді Қ.Мәми.
Осы ретте Сенат төрағасы Түркия тарапын Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бастамаларына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. «Сондай-ақ Қазақстан тарапы Түркияның 2010-2011 жылдардағы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне төрағалығын жоғары бағалайды. Түркітілдес елдердің ықпалдасуына қатысты мәселелер турасында сөз қозғайтын болсақ бұл ретте, Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің рөлін ерекше атап өткен жөн. Осы ретте айта кететін мәселе - алдағы уақытта Алматыда өтетін Түркі кеңесінің алғашқы саммиті мен оның хатшылығының құрылуы түркітілдес елдердің арасындағы байланыстарды нығайтуға тың береді деген үміт бар», - деді Сенат спикері. Сонымен қатар ол Түркия Президентін елдегі өтетін сайлаулардың барысымен таныстыра келе, бұл шараның Қазақстандағы демократиялық үдерістерді одан әрі нығайтуға бағытталғандығын атап көрсетті.