Қазақстан Орта дәлізді дамыту жөніндегі келісімге қол қоюды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Үкіметі «Транскаспий халықаралық көлік дәлізін (Орта дәліз) дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы» қаулы жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды. 

Казахстанский флаг, Қазақстан туы
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Жобаға сәйкес, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойындағы ынтымақтастықты күшейту көзделіп отыр. Құжатта өткізу қабілетін арттыру, порт инфрақұрылымын дамыту, бірыңғай логистикалық оператор құру және тасымалдау процестерін цифрландыру сияқты бағыттар қамтылған.

— Жоба ТХКБ өткізу қабілетін қамтамасыз ету бойынша өзара міндеттемелерді, порттарда түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін бірлескен кәсіпорын құруды, сондай-ақ бірыңғай логистикалық оператордың «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуін қарастырады, — делінген құжатта.

Сондай-ақ құжатта тарифтік саясатты үйлестіру, жеткізу мерзімдерін сақтау және тасымал қауіпсіздігін арттыру мәселелері де назарға алынған.

Құжатты Көлік министрлігі әзірлеген. Қоғамдық талқылау 2026 жылғы 21 мамырға дейін жалғасады.

Бұған дейін Транскаспий бағытында контейнерлік тасымал көлемі жылына 300 мың жиырма футтық эквивалентке жеткізіледі. Бұл туралы Теміржолдар ынтымақтастығы ұйымы конференциясының 40-отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтқан еді.