Қазақстан Орталық Азия елдерін күнбағыспен толық қамти алады
АСТАНА. KAZINFORM — Ташкент қаласында «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен өзбекстандық «Fayz Oil Imports» ЖШҚ компаниясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы АШМ мәлім етті.

Келісім аясында «Fayz Oil Imports» компаниясы жыл бойы 60 миллион АҚШ долларына Қауымдастық құрамына кіретін қазақстандық өңдеу кәсіпорындарының май-тоң май өнімдерін сатып алуды жоспарлап отыр.
Өзбекстан – қазақстандық май-тоң май өнімдерінің ірі бес импорттаушысының бірі.
2024-2025 жылғы мерзімде Қазақстаннан Өзбекстанға өсімдік майлары мен жоғары ақуызды мал азығы (шрот пен күнжара) 349 миллион АҚШ долларына экспортталды. Бұл алдыңғы маусыммен салыстырғанда 82%-ға көп.
Қазақстан өткен жылы Орталық Азия елдеріне өсімдік майлары мен майлы дақылдарды қайта өңдеу өнімдерін экспорттау бойынша көшбасшы орнын нығайтып, Өзбекстан мен Тәжікстанның негізгі жеткізушісіне айналды.
Өзбекстан нарығындағы қазақстандық майдың үлесі 65%-ға (2017 жылы – 13%) жетті, ал Тәжікстанда 74 пайыз (2017 жылы – 15%).
Сонымен қатар, Қазақстан өңір елдерін толықтай құс және мал азығын өндіруде маңызды құрамдас бөлік саналатын күнбағыс шроты мен күнжарасымен қамтамасыз етіп отыр.
— Біздің май-тоң май өнімдеріміз әлемдік нарықта жоғары сұранысқа және айтарлықтай экспорттық әлеуетке ие. Біз өнімді 20-дан астам елге жеткіземіз. Қазақстаннан экспортталатын күнбағыс майының көлемі қазірдің өзінде Орталық Азия елдерінің жиынтық импортынан 1,5 есеге көп, қажет болған жағдайда біз бұл нарықты толық қамтамасыз ете аламыз, — деп атап өтті Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы.
Айта кетейік, 156 тонна күнбағыс майы Қазақстаннан Қытайға флекстанк арқылы жөнелтілді.