Қазақстан Орталық Азия мен Таяу Шығыста цифрлық валюта енгізуден көш бастап тұр
АСТАНА. KAZINFORM – «Цифрлық теңге» жобасын дамыту бойынша 2025 жылы бірнеше бағытта жұмыстар жоспарланған. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің «Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту туралы» (ҰЦҚИ) жылдық есебінде жарияланды.

2024 жылы «Цифрлық теңге» жобасының екінші кезеңі аясында мемлекеттік және бағдарламаланатын төлемдерде цифрлық валютаны пайдаланудың жаңа сценарийлері сынақтан өткізіліп, ел экономикасына толық көлемде енгізу үшін негіз қаланды.
- «Цифрлық теңге» жобасы бойынша жұмыс аясында 2024 жылы тәуелсіз бақылаушылар жоғары баға берген бірқатар елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Халықаралық валюта қорының мәліметіне қарағанда, Қазақстан Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдері арасында орталық банктің цифрлық валютасын енгізу мәселесінде жетекші орынға ие болды. 2024 жылы «Цифрлық теңге» жобасы Currency Research халықаралық ұйымының «Цифрлық валюталарды қабылдаудағы көшбасшылық» аталымы бойынша жүлдесін жеңіп алды, - деп аталып өткен Ұлттық банкі есебінде.
Бұл тұрғыда 2024 жылғы жұмыстың негізгі бағыты – мемлекеттің қатысуымен төлемдер бағытын қамту. Осы бағыт аясында цифрлық теңге жүйесінің бағдарламалау қасиеттерін пайдалана отырып, 5 сценарий іске асырылып, кемінде 238 млрд цифрлық теңге шығарылды, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялар жүргізілді.
Мұнымен қоса, Ұлттық банк есебінде 2025 жылға арналған «Цифрлық теңге» жобасын дамыту бойынша бірнеше бағыт жоспарланғаны баяндалған.
- Ұлттық цифрлық валютаны және оның артықшылықтарын толыққанды іске асыру үшін тиісті нормативтік-құқықтық негіз қажет. 2025 жылы 2023 және 2024 жылғы жұмыстар негізінде ақпараттық технологиялар қызметінің заңнамалық негізін бекіту жоспарланған... 2025 жылға барлық қатысушымен толық интеграция жағдайында цифрлық валютадағы трансшекаралық төлемдердің базалық сценарийін тестілеу жоспарланған, - деп аталып өткен ҰБ ақпаратында.
2025 жыл ұлттық цифрлық валютаны кезең-кезеңмен енгізу бойынша соңғы жыл саналады. ЦТ платформасын пайдалануға енгізу осы жоспарды орындап қана қоймай, ұлттық қаржылық инфрақұрылымның маңызды құрамдас бөлігін құрады.
Айта кетейік, Қазақстанда цифрлық теңгені 2025 жылдың соңына дейін толықтай енгізу жоспарланып отыр.
Осыған дейін 2024 жылдың соңына дейін цифрлық теңгедегі транзакция айналымы 200 млрд теңгеден асатыны хабарланды.
Былтыр жазда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мемлекеттің сатып алу жүйесіндегі жемқорлыққа цифрлық теңге арқылы тосқауыл қою жоспары бар екенін мәлім етті.