Жыл соңына дейін цифрлық теңгедегі транзакция айналымы 200 млрд теңгеден асады – Бинұр Жаленов
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Цифрлық теңге платформасы – мемлекет шығыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге, трансшекаралық есеп айырысуларды арзандатуға және жеделдетуге, сондай-ақ басқа да инновацияларды енгізуге көмектесетін жүйе. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлерінің XII конгресі барысында Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі – Цифрлық трансформация басшысы Бинұр Жаленов айтты.

Спикердің сөзінше, Қазақстанның қаржы нарығы ұлттық экономиканы цифрландырудың басты қозғаушы күші.
«Біз қолма-қол ақшасыз төлем бойынша әлемде көшбасшы елдердің біріміз. Мобильді банк қосымшалары күнделікті қаржылық қызметтердің ғана емес, сонымен қатар сауда-саттық, мемлекеттік қызмет алу және басқа да көптеген қызметтердің негізгі интерфейсіне айналып үлгерді.Бүгінгі күні Ұлттық банк экономиканың барлық қолма-қол ақшасыз айналымының шамамен 87%-ын өңдейтін тұрақты банкаралық инфрақұрылым құрды. Біздің сәйкестендіру деректерін алмасу орталығымыз қаржы институттарына қызметтерді қашықтан, цифрлық форматта ұсынуға көмектеседі. Мұнда ай сайын шамамен 2,5 млн сұраныс өңделеді»,- дейді ол.
Сондай-ақ, ол цифрлық теңге платформасы – мемлекет шығыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге, трансшекаралық есеп айырысуларды арзандатуға және жеделдетуге, сондай-ақ басқа да инновацияларды енгізуге көмектесетін жүйе екенін атап өтті.
«Биыл осы платформаны алғаш рет тәжірибеде сынап көрдік. Соның бірі – Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің өз мақсатында пайдаланылуын бақылау. Алдағы күндері цифрлық қосылған құн салығы (ҚҚС) жобасы іске қосылады. Ол кәсіпкерлерге бюджеттен салықты қайтаруды жеделдетуге мүмкіндік береді. Біз жылдың аяғына дейін цифрлық теңгедегі транзакция айналымы 200 млрд теңгеден асады деп болжап отырмыз. Ал 2025 жылы платформа іске қосыла бастайды»,- деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда цифрлық теңгені 2025 жылдың соңына дейін толықтай енгізу жоспарланып отыр.
Пилоттық жобаға 4 банк қатысып жатыр. Жалпы төлем жүйесімен Ұлттық төлем корпорациясы айналысады.