Қазақстан Орталық Азиядағы инфекциялық емес аурулардан болатын өлім көрсеткішін азайтқан бірінші ел болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бағалауынша, инфекциялық емес аурулардан мезгілсіз өлім-жітім деңгейін 25%-ға төмендету жөніндегі мақсатты көрсеткішке 2025 жылға дейін қол жеткізген Еуропалық өңірдегі он елдің қатарына енді.

аурухана
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Осылайша еліміз Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып мұндай нәтижеге жетті. Бұл жетістік ДДҰ тарапынан қоғамдық денсаулық сақтау саласын нығайтудағы маңызды табыс ретінде аталды.

ДДҰ мамандарының пікірінше, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу және емдеу бағытында қабылданған кешенді шаралар өлім-жітімнің төмендеуіне айтарлықтай әсер еткен. Қазақстанда жедел медициналық көмектің заманауи инфрақұрылымы құрылып, 2017 жылдан 2024 жылға дейін 85 инсульт орталығы ашылған. Бұл өз кезегінде инсульттан кейінгі өлім мен мүгедектік көрсеткіштерін едәуір азайтуға мүмкіндік берді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың тоғыз айында еліміздің инсульт орталықтарында 39 447 науқас ем қабылдады. Стационарлық өлім деңгейі 11,3%-ды құрап, соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі тіркелді.

2025 жылы ишемиялық инсульт кезінде тромболиз жүргізу үлесі 6%-ға жетті, яғни 1872 тромболитикалық емшара жасалды. Сонымен қатар нейрохирургиялық белсенділік 5%-ды құрады.

Инсульт қызметінің үйлестіру жұмысын Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы базасында орналасқан Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы атқарады. Аталған орталық еліміздегі 85 инсульт орталығына – 32 III деңгейлі, 30 II деңгейлі және 23 инсульт төсегі бар медициналық ұйымға әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді.

29 қазанда Дүниежүзілік инсультпен күрес күніне орай Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында Ашық есік күні өтеді. Іс-шара ДДҰ қолдауымен Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығымен бірлесіп ұйымдастырылуда.

Акцияның негізгі мақсаты – халықтың инсульттің алдын алу, қауіп факторлары және ауруларды ерте анықтаудың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру.

Бағдарлама аясында тегін жедел диагностика, қан қысымын, холестерин мен қандағы глюкозаны өлшеу, невропатолог, терапевт, кардиолог және салауатты өмір салты мамандарының кеңестері ұсынылады. Сондай-ақ инсульттің қауіп факторлары туралы ақпараттық материалдар таратылады.

Денсаулық сақтау министрлігі инфекциялық емес аурулардың профилактикасы мен емдеу жүйесін дамытуға атсалысып жүрген барлық медицина қызметкерлеріне және денсаулық сақтау ұйымдастырушыларына алғыс білдірді. Министрліктің атап өтуінше, олардың еңбегінің арқасында мыңдаған қазақстандық толыққанды өмір сүру мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетейік, психикалық денсаулық орталығына түскен 5 баланың анасы үйге шықты.

Соңғы жаңалықтар