Қазақстан отбасыларының 45 пайызы С санатына жатады – Еңбек министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы үй шаруашылықтарының 45% яғни 2,8 миллионы С санатына жатады. Бұл – тұрақты табысы, баспанасы мен көлігі бар, алайда жекелеген мемлекеттік қолдау шараларына әлі де мұқтаж отбасылар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, С санаты – әл-ауқат деңгейі қанағаттанарлық отбасылар.
Мұнда отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 203 мыңнан 305 мың теңгеге дейін болуы керек. Сондай-ақ отбасының кемінде екі мүшесі жұмыспен қамтылған, жеке тұрғын үйі мен автокөлігі болуы немесе жеке кәсіпкерлікпен, шағын бизнеспен айналысуы мүмкін.
– Мұндай отбасылар негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады. Бірақ жекелеген мемлекеттік қолдау шараларына мұқтаж болады. Бұл негізінен тұрақты табысы бар, орташа дәулетті, кейде шағын бизнесі бар отбасылар. Мұндай үй шаруашылықтарының саны 2,8 миллионды немесе 45% құрайды, – деді А. Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Бастысы, реформа орта тапты әлеуметтік қолдау жүйесінен шығармайды. Сондықтан 14 төлем бойынша шектеулер оларға қолданылмайды.
Бұған дейін Еңбек министрі «А» санатының белгілерін атаған еді.
Жәрдемақы үшін ажырасудың алдын алу үшін бөлек тұратын ата-аналар да баланың отбасы құрамына енгізіледі.
Еңбек министрі 36 жәрдемақының 14 түріне ғана мұқтаждық критерийі енгізілетінін айтуда.