Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан 2030 жылы Еуропаға «жасыл» энергия экспорттайды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжанмен бірлесіп, Еуропаға экологиялық таза жолмен өндірілген электр энергиясын экспорттауға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

жасыл энергия
Фото: eeas.europa.eu

Мұны Ташкентте өтіп жатқан «Uzbekistan Energy Forum» форумына қатысқан Орталық Азия жасанды интеллект қауымдастығының төрағасы Владимир Норов мәлімдеді. Ол атап өткендей, аймақ елдерінің әлеуеті мол және білікті кадрлар жеткілікті.

Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан 2030 жылы Еуропаға «жасыл» энергия экспорттайды
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан 2030 жылдан бастап Еуропа елдеріне «жасыл» энергияны экспорттауға бағытталған бірлескен жоба аясында жұмыс істеп жатыр. Аймақ мемлекеттердің технологиялық әлеуеті артып келеді. Мәселен, 2018 жылы Өзбекстанда жан басына шаққандағы IT-қызметтердің экспорты 1 доллар болса, осы кезеңде Қазақстанда бұл көрсеткіш 3 доллар көлемінде болды. Былтыр біздің елемізде IT-қызметтердің экспорты 1 млрд долларға теңелді. 2030 жылға қарай оның көлемін 5 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр, — деді форумда сөз алған Владимир Норов.

Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан 2030 жылы Еуропаға «жасыл» энергия экспорттайды
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Айта кетейік, кеше осы форумда сөз сөйлеген ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс Қазақстан 2035 жылға дейін 26 гигаватт көлеміндегі жаңа қуат көздерін іске қосуды жоспарлап отырғанын айтты.

Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан 2030 жылы Еуропаға «жасыл» энергия экспорттайды
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Еске салсақ, 9 сәуірде Сенат «Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады.