Қазақстан Париж орталығында өткен халықаралық гастрономиялық фестивальге қатысты
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Франция астанасының 17-округінде өткен халықаралық гастрономиялық фестиваль аясында Қазақстан Республикасының ұлттық стенді таныстырылды.

Сенбі күні Париждің 17-округіндегі Порт-Майо алаңы «Maillot à Table!» атты алғашқы фестиваль аясында түрлі мәдениеттер мен дәмдердің тоғысқан нағыз мерекелік алаңына айналды.

Фестиваль 17-округ мэриясының бастамасымен ұйымдастырылды. Шара аясында париждіктер мен туристер әлем елдерінің аспаздық дәстүрлерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Фестивальге төрт құрлықтан келген 20-ға жуық ел өкілдері қатысты. Барлығы шамамен 30-ға жуық дегустациялық стенд ұсынылды. Солардың қатарында Қазақстан да бар.

Франциядағы Қазақстан елшілігі арнайы киіз үй тігіп, қазақ ұлттық тағамдары ұсынылған жеке стенд ұйымдастырды.
Көрмеге 17-округтің мэрі Жоффруа Болар арнайы келіп, Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұловамен кездесіп, қазақ дастарханынан дәм татып, киіз үй ішіндегі ұлттық тұрмыспен танысты.

Қазақстандық стенд пен киіз үй жергілікті халықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар Париждегі «Абай» мәдени орталығының қатысуымен өткен домбырашылардың шағын концерті де фестиваль қонақтарына ерекше әсер қалдырды.

Осылайша, фестиваль аясында француз жұртшылығы мен қонақтары Қазақстанның мәдениетімен және ұлттық тағамдарымен жақынырақ танысты.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан мен Франция арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы құжат қаралатындығы хабарланған.
