20:33, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстан ? Польша: Еуропа мен Азия арасындағы жолдың қайта өркендеуі
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат - Польшада «Поляк Бенедикт: Еуропадан Азияға Қазақстан арқылы (1245-1247 жж.)» атты кітап жарық көрді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Варшавадағы Қазақстан Елшілігінің бастамасымен басылып шыққан кітапта оқырмандарға Вена және Париж қалаларының Ұлттық кітапханаларында сақталған әйгілі саяхаттың жылнамасы ұсынылған. Саяхатты баяндайтын көне қолжазбалар тұңғыш рет латын, поляк, қазақ және орыс тілдерінде жазылып, ғылымға еніп отыр. Қазақстанның Польшадағы Елшісі Алексей Волковтың поляк оқырмандарына арнаған сөзінде бұл кітап «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау мен жүзеге асыруға орай басып шығарылғаны айтылған. Бұл бағдарлама Қазақстанды Еуропаның басты елдерімен технологиялық, энергетикалық, инвестициялық, тасымалдау, қоғамдық және т.б. салаларда стратегиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға көздейді. Осымен бірге Польшадағы оқырмандар Қазақстан өзінің жетістіктері мен геосаяси орналасуының арқасында 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағасы болатынын, ал 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымын басқаратынын біле алады. Осылай біз қазірде Польша арқылы Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы әріптестік пен ынтымақатстықты нығайтуға талпынысты байқай аламыз. Еуропалықтарға Қазақстанды ашқан поляк тақуасы Бенедиктің мұрасын еліміздің игілігі үшін сақтап, көбейту керек.Поляк Бенедиктің аңызға айналған саяхаты қазақ пен поляк халықтары арасында қарым-қатынастың басталуына ықпал етті деп айтуға болады. Тарихтың қайталанып отыратыны белгілі. Тақуа Бенедиктің саяхатынан кейін 760 жыл өткен соң бүкіл әлем тәуелсіз Қазақстанды қайтадан ашып жатыр. Осыдан жеті ғасырдан астам бұрын, Марко Полоның Азияға саяхат шеккенінен 30 жыл ертерек, францискандық тақуа Бенедикт Поляк Қасиетті тақтың дипломатиялық миссиясы құрамында, еуропалықтардың ішінде бірінші болып қазіргі Қазақстанның жазық даласын басып өтіп, Азияның алыс түкпіріне саяхат жасады. Оның замандастары бұл саяхат көп жаңалық әкеледі деп күтпеген еді. Поляк саяхатшысының жазбалары - Еуразияда Алтын Орданың өрлеп тұрған кезінде жазылған құнды құжаттардың бірі. Ғалымдардың пікірі бойынша Бенедикт Поляк Ұлы Дала туралы маңызды ақпарат әкелген. Соның арқасында Еуропадағы адамдар бірінші рет ондағы халықтың өмірі мен тұрмыс-тіршілігі туралы білген. Қазір Елшілік кітапты көпшілікке таныстыруға кірісті. Кітаптар Польшаның Ұлттық кітапханасы мен оның бөлімшелеріне, бірқатар жоғары оқу орындарына, үкіметтік емес ұйымдарға, депутаттарға, саяси-қоғамдық топтардың өкілдеріне және дін өкілдеріне жіберіледі. Кітаптың біраз бөлігі Қазақстандағы поляк диаспорасының өкілдерін біріктіретін ұйымдарға, Қазақстанның католик епископтар конференциясына және поляк тілін оқытатын мектептерге беріледі. Бенедикт Поляктың қолжазбалары бірнеше тілде жазылғандықтан, ол әртүрлі мәдениеттер мен Еуразия құрлығының тарихын танып білуге көмектесетін кілт болады.