Қазақстан полицейлері Елбасы Жолдауына қолдау көрсетті
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда өткен республикалық «Парасатты полицей» байқауының жеңімпаздары жеңістерін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап, Жолдауға қолдау білдіріп жатыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тыңдадық. Әсіресе, Жолдаудағы «... Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек. Полицейлер - халық арасындағы менің өкілдерім» деген сөзі жүрегіме өте жақын тиді. Бұл бізге, яғни, тәртіп сақшыларына үлкен жауапкершілік жүктейді. Нұрсұлтан Әбішұлы ішкі істер органдарын үнемі қолдап, қызметкерлердің баспана мәселесін шешу, жалақысын көтеру, қызметіне жағдай жасау сынды тұстарда жан-жақты қолдап отырады. Полицейлер осындай мәртебеге лайық болуы керек деп ойлаймын», - дейді СҚО ІІД инспекторы полиция аға лейтенанты Алишер Исматұлы Жармағамбетов.
Дәл осы СҚО-ның тәртіп сақшылары «Парасатты полицей» республикалық байқауында бас жүлдені қанжығалады. 21 команданың ішінен үздік деп танылған топ Президент жолдауымен тұспа-тұс келген жеңістерін Елбасына арнайтындарын жеткізді.
«Тәртіп сақшылары білімді, білікті, тәртіпке бағынатын және халқы үшін еңбек ететін қызмет иесі болса, бүгінгі жеңісіміз соның эталоны болмақ. Полиция қызметкерінің оң имиджін қалыптастыратын, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыратын осы конкурсқа біз бірнеше ай дайындалдық. 21 команданың ішінен топ жарғанымыз үшін өте қуаныштымын. Жыл өткен сайын конкурстың да деңгейі көтеріліп, талап күшейіп келеді. Аймақтық командалар арасындағы достық пен сыйластық та беки түсті. Бүгінгі жеңісімізді Елбасының Жолдауына қолдау ретінде арнаймыз»,- деді СҚО ІІД инспекторы.
Айта кетейік, бұған дейін Талдықорғанға еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам ішкі істер органдарының қызметкерлері жиналып, тіл додасына қатысып жатқанын хабарлаған болатынбыз. Байқаудың мақсаты ішкі істер органдарында қызмет ететін тәртіп сақшыларынпа қазақ тілін жетік меңгеруге ықпал ету. Сондай-ақ, кәсіби терминдерді дұрыс қолданып, қызметтік құжаттарды қатесіз рәсімдеуді үйрету болып табылады. Ал, келесі жылы аталған байқауды өткізу құқығына Маңғыстау ІІД қызметкерлері ие болып, көшпелі рәміздерін салтанатты түрде қабылдады.